Без рубрики

«Бұл – орыс елі»: Алматыда жанжал шығарған ер адам қамауға алынды

Алматыдағы супермаркеттердің бірінде сатып алушы мен күзетші арасында жанжал туындады. Тауардың чегін тексеруден басталған дау кезінде ер адам Қазақстанды «орыс елі» деп атаған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралып, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Кейін полиция жанжалға қатысқан 40 жастағы тұрғынды анықтап, сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды

Чек көрсетуден басталған дау ұлтаралық сипаттағы сөзталасқа ұласты

Оқиғаның бейнежазбасы Threads әлеуметтік желісінде тарады. Кадрлардан супермаркеттен энергетикалық сусын алып шығып бара жатқан ер адамды күзетшінің тоқтатып, сатып алған тауарының чегін көрсетуін сұрағанын байқауға болады. Алайда сатып алушы күзетшінің талабына қарсылық білдіріп, онымен сөзге келеді. Жанжалға дүкендегі өзге келушілер де араласып, ер адамды қызметкерге құрметпен қарауға шақырады.

Сөзталас барысында сатып алушы:

«Бұл – орыс елі», – дейді.

Оның бұл сөзіне сол жерде тұрған азаматтардың бірі бірден қарсылық білдіреді.

«Бұл – қазақ елі, түсіндің бе? Сұрап тұрса – көрсет. Ол осында жұмыс істеп жатыр, құрмет көрсет», – деп жауап береді.

Осыдан кейін де тараптар арасындағы сөзталас жалғасады. Ақырында күзетші сатып алушының чегін тексереді. Видеоны жариялаған автор кейінірек пікірлер бөлімінде жанжалдың неден басталғанын түсіндірген.

Оның айтуынша, дүкеннен шығар кезде ұрлыққа қарсы дабыл жүйесі іске қосылған. Осыған байланысты күзетші ер адамнан жеке құжаттарын емес, тек сатып алған тауарының чегін көрсетуді сұраған, алайда сатып алушы күзетшіден қазақша емес, орыс тілінде сөйлеуді талап етіп, дау шығарған.

Полиция ер адамның жеке басын анықтады

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарағаннан кейін Алматы қаласының Полиция департаменті тексеру жүргізді. Құқық қорғау органдары жанжалға қатысқан ер адамның жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізген.

«Әлеуметтік желілерде тараған жарияланым бойынша Алматы қаласының полиция қызметкерлері тексеру жүргізді. Қазақстан Республикасының азаматы, Алматы қаласының 40 жастағы тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.

Полиция мәліметінше, ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар жанжал шығарған ер адамды Ресей азаматы деп болжаған. Алайда полиция оның Қазақстан Республикасының азаматы екенін нақтылады.

Әлеуметтік желідегі реакция және заңда қандай жауапкершілік қарастырылған

Супермаркетте болған оқиға Threads қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Желі қолданушыларының бір бөлігі ер адамның Қазақстан туралы айтқан сөзін елге деген құрметсіздік ретінде қабылдап, оның әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.

«Оны полицияға тапсыру керек, онымен сөз таластырудың қажеті жоқ», – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Кейбір қолданушылар ер адамды елден шығару қажеттігін де айтқан, алайда полиция оның Қазақстан азаматы екенін растады. Қазақстан Конституциясына сәйкес, ел азаматын өз мемлекетінен аластауға болмайды. Сонымен қатар желіде жанжалға қатысушылардың өзара сөйлесу мәнеріне назар аударғандар да болды.

Пікір қалдырғандардың бірі қызметтік міндетін атқарып жүрген адамдар келушілермен сыпайы сөйлесіп, оларға құрмет көрсетуі керек екенін атап өткен. Ал кейбір қолданушылар сатып алушының алкогольдік масаң күйде болуы мүмкін деген болжам айтты. Дегенмен оның бұл жағдайы туралы ресми расталған ақпарат жоқ.

Қазақстанда қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін қандай жаза қарастырылған

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабында ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілік көзделген. Аталған бапқа сәйкес, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, адамдарға зәбірлеп тиісу және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын өзге де әрекеттер үшін жаза қарастырылған.

434-баптың бірінші бөлігі бойынша:

  • 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 2026 жылы 86 500 теңге айыппұл салынуы;
  • 20 сағаттан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы;
  • 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

Ал осындай құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 60–100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе 15–30 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button