TOP-2Жаңалықтар

«Інімді бұрыннан қорқытып жүрген»: кісі қолынан өлген жігіттің ағасы өз нұсқасын айтты

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысының тұрғынын қылмыстық топ мүшелері атып өлтіргені туралы ақпарат тарап, осы оқиғаның болғанын полиция дераптаменті растаған болатын. Марқұмның ағасы әлеуметтік желіде осы оқиғаға қатысты өз нұсқасын жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«25 жастағы бауырымды төрт оқпен атып кетті»

«Қапыда ай мен күннің аманында бір түйір бауырым Ахметімнен айырылдым. Өз ажалынан емес, қанды қол қанішерлердің қолынан. Луговой станциясында ата-анамның қолындағы небәрі 25 жастағы бауырымды ауылдың жауыз, қанішер балалары далаға шық деп шақырып, 2 көлікпен келіп, 4 оқпен аяусыз атып өлтіріп кетті. Қаруланып, жетегіне жүрмегенді жайратып кететін бұл кәдімгі кинодағы киллер ғой. Атып құлатып, сонша оқты сатырлатып, өлтіріп тастау деген не деген жауыздық. Еркекше ерегессін, төбелессін дейсің… Болашағы алда жап жас баланы қыршыннан қиып кетті ғой», – деп жазды Нұрболат Теміров.

«Бауырымның артында жұбайы, екі баласы қалды»

Ол марқұмның артында ата-анасы есеңгіреп қалғанын айтты.

«Артында «Папама звондасам алмайды» деп ешнәрсені әлі түсіне қоймаған 5 жастағы ұлы мен қуыршағын құшақтаған 3 жасар қызы, жансыз денесіне қайта-қайта барып, жарының басынан, бетінен сипап, мұрнын ұстап, есінен адасқан адамдай болған жап-жас жары, жасы 70-ке жақындаған шағында есін жия алмай «Ботам, ботам» деп анамыз, үнсіз күңіреніп жалғыз ұлдарынан айырылып әкеміз қалды», – дейді ол.

«Інімді бұрыннан қорқытып жүрген»

Нұрболат осындай жағдайға “ауылдың бандиттері себеп болғанын” жазды. Сөзінше, ауылдың жігіттерін отырғызып-тұрғызатын бандиттердің басшысы бар. Ол өзі осыдан 4-5 жыл бұрын інісіне машина сатқан, ақшасын алып, «ертең рәсімдеп беремін» деген. Ауылдың адамы болған соң бауыры оған сеніп, ақшаны берген. Ертесіне ол біреудің көлігі болып шығып, оны алып кеткен.

“Содан көлік те, ақша да жоқ. Ата-анамыз ақшасын сұрайық деп барғанда үйінен бір орыс шығып, ақша жоқ екенін айтқан. Сонымен олардың рэкеттер екенін біліп, жалғыз ұлына зияны тие ме деп «Ақшасы да, машинасы да құрысын. Қоя сал!» деп анам байқұс қорыққанынан оны тоқтатқан. Сол күйі ақшаны қайтарған жоқ. Ал кешегі «Далаға шық» деп келіп тұрған соның кіші ұлы. Алдындағы 2 ұлы Ахметті бала-шағасымен қорқытып жүрген екен. Келінге балаларды шығарма деп, дүкенге де өзі апарып келіп жүрген. Бұл алдын ала жоспарланған, дайындалып келген қылмыс деп білеміз», – дейді марқұмның ағасы.

Ол құқық қорғау органдарынан әділдік сұрады.

«Ішкі істер министрлігінен, Жамбыл облысының әкімінен, облыстық ішкі істер департаментінің басшыларынан Жамбыл облысында, Т.Рысқұлов ауданында осындай қылмыстық ұйымның бар екенін, осыны жойып, кінәлілердің әділетті түрде жазасын алуын, бір ғана адамды ұстамай, арнайы келген жасақтың бәрінің жазасын алуын сұраймыз», – деп жазды ол.

Полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысының тұрғыны «қылмыстық топ мүшелері ағамды атып кетті» деп жазба қалдырып, әділ тергеуді талап етіп көмек сұраған болатын. Осы мәселеге қатысты Жамбыл облысының полиция департаменті былай жауап берді.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің «кісі өлтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір қылмысты жан-жақты, толық тергеп-тексеруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүдделеріне байланысты өзге мәліметтер жариялауға жатпайды», – деп жазылған жауапта.

Back to top button