БҚО-да 100 млн теңге пара алған шенеунік жауапқа тартылды
Батыс Қазақстан облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің бұрынғы қызметкері 100 млн теңге пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оған делдал болып, қызметі үшін 25 млн теңге көлемінде пара алған азамат 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шенеунік былтыр қыркүйек-қазан айларында басқарма басшысының міндетін атқарған. Ол ресейлік жүк көліктерді Қазақстан шекарасынан кедергісіз өткізгені үшін пара алған.
«Айыпталушы Р. жалпы 1003 жүк көлігінің шекарадан еркін өтуіне көмектескені және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 100 млн теңге алған», – делінген сот мәлімдемесінде.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.