TOP-2ЖаңалықтарПікір

«Бөлінгенді бөрі жейді»: депутаттар Amanat пен «Әділет» партиясының бірігуіне қатысты пікір айтты

Жаңарған партияның атауы съезде белгілі болады.

Мәжіліс кулуарында Tizgin.kz тілшісі мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Нұртай Сабильяновқа «Amanat партиясы мен «Әділет» партиясы бірігетіні рас па? Екі партия қосылса – жаңа партияның атауы қалай болады?» деген сұрақ қойды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы прогрессивті саяси күштерге консолидация жасауға шақырды. Менің ойымша, қазақта «Бөлінгенді бөрі жейді» деген мақал бар. Президенттік саяси партиялар бірігуі керек. Бұл – менің жеке пікірім, ал шешімді съезд қабылдайды. Оның атауы қалай болатынын жаңарған партияның өкілдері бірлесіп қабылдайды», – деді Ерлан Сайыров.

Депутат Нұртай Сабильянов та жаңарған партия атауына қатысты болжам жасай алмайтынын айтты.

«Жалпы «Amanat партиясы мен «Әділет» партиясының бірігуіне байланысты партиялардың съезі болады. Amanat партиясының съезі 12 маусымда болады, «Әділет» партиясының съезі 14 маусымда болады. Жаңарған партия атауы сол кезде белгілі болады. Алдын ала жорамалдай алмаймын», – деді ол.

Еске сала кетсек, белгілі сарапшы әрі саясаттанушы Жанат Момынқұлов Қазақстанда алдағы электоралды цикл қарсаңында саяси жүйеде жанданыс бары байқалатынын атап өткен еді.

Сарапшының сөзінше, бұл өзгерістерді бір доминант партия үлгісінен басқарылатын плюрализмге өту ретінде бағалауға болады. Жаңа саяси күштердің топтасып, жаңашыл «Әділет» партиясының құрылуы кездейсоқ емес. Ол саяси кеңістікті әртараптандыруға, элитаны жасартуға және жүйенің легитимдігін арттыруға бағытталған қадам деп ойлайды сарпашы. Жас «Әділет» партиясы Тоқаевтың реформизм мен «Жаңа Қазақстан» риторикасын қолдап қуаттаушы күш болмақ.

«Қазіргі саяси жүйеде екі деңгейлі құрылым қалыптасып келеді. Бір жағынан, Amanat консерваторлық партиясы бұрынғыдай мемлекеттік басқарудың негізгі тірегі, аймақтармен байланыс пен әкімшілік ресурсты қамтамасыз ететін мықты институт болып қала беруі ықтимал. Екінші жағынан, «Әділет» өзін центрист, модернист, прогрессив партия ретінде көрсетіп, жаңа кадрларды тартатын, халықтың үмітін жаңалайтын, жастар қоғамын өзіне тартатын, саяси күн тәртібін жаңартуға бағытталған балама алаң деп ойлаймын. Бұл саясат сырттай бәсекелестікті көрсеткенімен, ішкі жүйеде бақылауды сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, партияларды ірілендіру орын алуы мүмкін. «Республика» партиясы қос центрист партияның бірінің құрамына енуі ықтимал. «Ақжол» партиясы басшысына сынның айтылуы кездейсоқ емес, ірілендіру процесінің нышаны болуы мүмкін бе?» – деп сұрақ қояды Жанат Момынқұлов.

Back to top button