Белгілі сарапшы әрі саясаттанушы Жанат Момынқұлов Қазақстанда алдағы электоралды цикл қарсаңында саяси жүйеде жанданыс бары байқалатынын атап өтеді. Оның сөзінше, бұл өзгеріс кезекті сайлаудан гөрі, институционалдық қайта құрудың жаңа кезеңі сияқты. Конституцияның жаңаруы, Құрылтай мен Халық кеңесінің жасақталуы және саяси партиялар рөлінің күшеюі елдегі саяси жағдайды жаңа қырынан қарауға итермелейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сарапшының сөзінше, бұл өзгерістерді бір доминант партия үлгісінен басқарылатын плюрализмге өту ретінде бағалауға болады. Жаңа саяси күштердің топтасып, жаңашыл “Әділет” партиясының құрылуы кездейсоқ емес. Ол саяси кеңістікті әртараптандыруға, элитаны жасартуға және жүйенің легитимдігін арттыруға бағытталған қадам деп ойлайды сарпашы. Жас “Әділет” партиясы Тоқаевтың реформизм мен “Жаңа Қазақстан” риторикасын қолдап қуаттаушы күш болмақ.
“Қазіргі саяси жүйеде екі деңгейлі құрылым қалыптасып келеді. Бір жағынан, “Amanat” консерваторлық партиясы бұрынғыдай мемлекеттік басқарудың негізгі тірегі, аймақтармен байланыс пен әкімшілік ресурсты қамтамасыз ететін мықты институт болып қала беруі ықтимал. Екінші жағынан, “Әділет” өзін центрист, модернист, прогрессив партия ретінде көрсетіп, жаңа кадрларды тартатын, халықтың үмітін жаңалайтын, жастар қоғамын өзіне тартатын, саяси күн тәртібін жаңартуға бағытталған балама алаң деп ойлаймын. Бұл саясат сырттай бәсекелестікті көрсеткенімен, ішкі жүйеде бақылауды сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, партияларды ірілендіру орын алуы мүмкін. “Республика” партиясы қос центрист партияның бірінің құрамына енуі ықтимал. “Ақжол” партиясы басшысына сынның айтылуы кездейсоқ емес, ірілендіру процесінің нышаны болуы мүмкін бе?” – деп сұрақ қояды Жанат Момынқұлов.
Оның сөзінше, басты өзгерістер партиялық жүйенің өзіне байланысты болмақ.
“Кейінгі жылдары бас партияның қоғаммен, әсіресе жастармен байланысы әлсірегені байқалады. Цифрлық ортада өскен жас буын саяси партияларды өсіретін әлеуметтік лифт емес, формалды құрылым ретінде қабылдайды. Праймериздер мен ішкі іріктеулерден кейін көптеген 30-40 жастағы белсенді, дарынды жас мамандар саяси жүйеден тыс қалып, саясаттан алшақтап кетіп жатады. Бұл – елдің интеллектуалдық және басқарушылық әлеуеті үшін ұзақ мерзімді тәуекел болуы мүмкін. Сонымен қатар, партиялар көбіне электоралдық тетік деңгейінде қалып, тұрақты кадрлық даму, бәсекеге негізделген элиталық жаңару институтына айнала алмады. Идеологиялық негізі де әлсіз, ал жаңа буынның талаптарына сай келетін технологиялық, инновациялық немесе ашық экономикалық дискурс жеткіліксіз”, – дейді сарапшы.
Жанат Момынқұлов болжамдарға келгенде ең ықтималы – “Amanat” пен “Әділет” арасындағы басқарылатын қоспартиялылық сақталуы деп тұспалдайды. Бұл жағдайда жүйе тұрақтылықты сақтап, сыртқа бәсекелестік суретін көрсетеді. Бірақ мұндай модельдің бір әлсіздігі – қоғам тарапынан оны жасанды үдеріс болып қабылдану қаупі.
Екінші болжам “Amanat” өз басымдығын сақтап, “Әділет” қосалқы, жанама, көмекші рөлде қалуы. Бұл модель тұрақтылықты сақтап, бірақ саяси жаңаруды тежеп, жастардың жүйеден алшақтауын күшейтуі мүмкін.
Үшінші болжам – шектеулі бәсекелестік. “Әділет” жаңа технократтарды және жастарды тартып, саяси кеңістікті жандандырады. Бірақ бұл элита ішіндегі бәсекені күшейтуі ықтимал. Болашақта “Аманат” жасарып жаңармаса, “Әділет” партиясы саяси сахнадағы орталық рөлді қолына ала бастауы да мүмкін.
Ең тәуекел сценарий – партиялардың элита топтарының құралына айналуы. Бұл тұста, формалды саяси бәсеке шынайы билік үшін ішкі күресті жасыратын тетікке айналады.
“Меніңше, “Amanat”-тың таратылуы туралы әңгімелер қазір реалист емес сценарий болып көрінеді. Себебі ол мемлекеттік басқарудың негізгі институционалдық тірегі болып отыр. Оны қазір алмастыратын жаңа партияның шығуы күрделі өзгерістерге, тіпті тәуекелдерге себеп болуы мүмкін. Орталық партияның таратылуы саяси вакуум туғызып, басқарушылық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Меніңше, “Аманат” таратылмаса да, көптеген аманаттықтар “Әділет” жолын таңдап көшті бастауы ықтимал. Ал “Amanat” пен “Әділет” партияларының бірігуі қазіргі логикаға сәйкес келмейді, себебі ол саяси бәсекелестік идеясының мәнін жояды. Сондықтан негізгі бағыт – осы екі центрист партияның функционалдық қызметтер бөлінісін сақтап, саяси жүйені шектеулі түрде жаңғырту болуы мүмкін.
Сонымен, Қазақстан партиялық жүйені жаңғыртуға қарай бет алған сыңайлы: бір жағынан басқарылатын жүйе сақталса, екінші жағынан шектеулі бәсекелестік енгізіледі. Бұл модельдің баяндылығы саяси алаңды бақылаумен қатар, жүйенің сапалы жаңаруына байланысты болады. Негізгі қауіп халықтың оппозициясынан емес, ішкі эрозиядан туындайды: жастар саяси алаңнан тыс қалса, институттарға сенімнің төмендеуі және элиталық бәсекенің бақылаудан шығу тәуекелі саяси реформалардың шынайы мән-мақсатын тежейді”, – дейді Жанат Момынқұлов.
Еске сала кетейік, жазда Парламент тарап, оның орнына Құрылтай құрылады. Құрылтай құрамында 145 депутат болмақ.