Парламент қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберілген заң қазақстандықтарға БЖЗҚ қаражатын 100 пайыз жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға беруге жол ашады. Ал бұл өзгеріс салымшыларға қандай мүмкіндік береді? Оның артықшылықтары мен тәуекелдері қандай? Tizgin.kz бұл мақалада осы мәселені талдап көрді.
Инвестициялық кірістілікті нақты болжау өте қиын. Мұнымен айналысатын әлемдегі ең ірі инвестициялық компаниялардың өзі тәжірибелі сарапшылар мен мол ақпаратқа қарамастан қателесіп жатады. Сондықтан бұл материал нақты болжам емес, БЖЗҚ қаражатын инвестициялық тұрғыдан басқарып жүрген компаниялардың бүгінге дейінгі нәтижелеріне негізделген шолу ғана.
Материалда келтірілген барлық сценарий «егер басқарушылардың орташа жылдық күрделі кірістілігі (CAGR) соңғы жылдардағы деңгейде сақталса» деген бір ғана шартқа сүйенеді.
Талдауда екі негізгі көрсеткіш қолданылды.
Біріншісі – Ұлттық банк басқарып отырған БЖЗҚ активтерінің орташа жылдық табыстылығы. Ол үшін соңғы он жылдағы орташа жылдық күрделі кірістілік (CAGR) есептеліп, 10,03% көрсеткіші алынды.
БЖЗҚ инвестициялық портфельдерінің кірістілігін бағалау үшін «шартты зейнетақы бірлігінің құны» қолданылады. Мысалы, бұл көрсеткіш 2014 жылдың қаңтарында 472 теңге болса, 2026 жылы 1 маусымда 1 502 теңгеге жеткен. Осы өзгеріс негізінде 2015-2025 жылдар аралығындағы орташа жылдық күрделі кірістілік есептелді.
Екінші көрсеткіш – инфляция.
Бұл жерде екі сценарий пайдаланылды.
Бірінші сценарийде Қазақстандағы соңғы он жылдағы (2015-2025) орташа жылдық ресми инфляция – 9,3% негізге алынды. Яғни алдағы 5, 10 және 20 жылда да инфляция осы деңгейде сақталады деген шартты болжам қолданылды.
Екінші сценарийде инфляция 6% деп қабылданды. Ұлттық банк ұзақ мерзімде инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуді көздейді, ал орта мерзімді болжамдарында 5-7% дәлізін пайдаланады. Сондықтан есепте осы дәліздің шартты орташа мәні ретінде 6% алынды.
Осы екі көрсеткіштің негізінде жинақтың болашақтағы номиналды өсімі және инфляция әсері ескерілгеннен кейінгі нақты құны есептелді.
Егер БЖЗҚ салымшысы бүгінге дейін жинаған қаражатын толықтай Ұлттық банктің басқаруында қалдырып, бұдан былай қосымша жарна аударуды тоқтатса, ал жылдық табыстылық соңғы он жылдағы орташа деңгей – 10,03% болып сақталса, қазіргі шотындағы қаражат 5 жылда шамамен 1,6 есе, 10 жылда 2,6 есе, 20 жылда 6,8 есе ұлғаюы мүмкін.
Алайда бұл – номиналды өсім.
Өйткені уақыт өте келе инфляция ақшаның сатып алу қабілетін төмендетеді. Мысалы, бүгінде 1 млн теңге шағын отбасының бір айлық шығынын жаба алатын болса, 20 жылдан кейін жаппауы ықтимал.
Егер инфляция соңғы он жылдағы орташа деңгей – 9,3% шамасында сақталса, қазіргі жинақтың нақты құны 5 жылда небәрі 4%, 10 жылда 7%, ал 20 жылда 14% ғана өседі.
Ал инфляция Ұлттық банк көздеп отырған деңгейге дейін төмендеп, 6% шамасында тұрақтаса, нақты өсім тиісінше 23%, 53% және 102% болуы мүмкін.
Егер салымшы бұдан былай да БЖЗҚ-ға қазіргі көлемде ай сайын міндетті зейнетақы жарнасын аударуды жалғастырса, болжамды сценарий мынадай болады.

Енді осы формуланы шартты мысал арқылы қарастырайық. Айталық, Зейнетбек есімді салымшының БЖЗҚ шотында қазір 8 млн теңге жинағы бар және ол ай сайын 70 мың теңге міндетті зейнетақы жарнасын аударып отырады. Егер ол зейнетақы активтерін толықтай Ұлттық банктің басқаруында қалдырса, жинағының болжамды өзгерісі төмендегідей болуы мүмкін.

ЖЕКЕ БАСҚАРУШЫЛАР СЦЕНАРИЙІ
Енді қазақстандық салымшы заңдағы өзгерісті пайдаланып, БЖЗҚ-дағы қаражатын толықтай жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың біріне сеніп тапсырса, оның ықтимал нәтижесі қандай болуы мүмкін екенін қарастырайық. Айта кету керек, Ұлттық банктің орташа жылдық күрделі кірістілігі (CAGR) соңғы 10 жылдық, ал жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың көрсеткіштері негізінен соңғы 3-4 жылдық деректер бойынша есептелді. Сондықтан бұл нәтижелерді салыстырғанда есептеу кезеңдерінің әртүрлі екенін ескерген жөн.
ALATAU CITY СЦЕНАРИЙІ
БЖЗҚ сайтындағы мәліметке сәйкес, Alatau City Invest басқаруындағы портфельдің шартты зейнетақы бірлігінің құны 2022 жылдың басындағы 966 теңгеден 2026 жылғы мамырда 1 559 теңгеге дейін өскен. Осы өзгеріс негізінде компанияның орташа жылдық күрделі кірістілігі (CAGR) 12,71% деп есептелді.
Яғни алдағы 5, 10 және 20 жылға арналған есептеулерде шартты түрде осы көрсеткіш сақталады деген сценарий қолданылды. Сонда болжамды нәтиже төмендегідей болады.

Ескерту. Бұл – шартты сценарий. Есепте Alatau City Invest портфелінің 2022–2026 жылдардағы тарихи орташа жылдық күрделі кірістілігі (CAGR – 12,71%) алдағы кезеңде де сақталады деген болжам пайдаланылды. Нақты өмірде кірістілік бұдан жоғары да, төмен де болуы мүмкін.
BCC INVEST СЦЕНАРИЙІ
BCC Invest басқаруындағы шартты зейнетақы бірлігінің құны 2022 жылғы қаңтардағы 973 теңгеден 2026 жылғы маусымда 1 504 теңгеге дейін өскен. Осы өзгеріс негізінде компанияның орташа жылдық күрделі кірістілігі 11,5% болды.
Егер алдағы жылдары осы деңгей сақталса, зейнетақы жинағының ықтимал динамикасы төмендегідей болуы мүмкін.

CENTRAS SECURITIES СЦЕНАРИЙІ
Centras Securities басқаруындағы шартты зейнетақы бірлігінің құны 2022 жылғы қаңтардағы 982 теңгеден 2026 жылғы маусымда 1 659 теңгеге дейін өсті.
Осы өзгеріс бойынша есептелген орташа жылдық күрделі кірістілік (CAGR) 14,01% болды.
Егер осы көрсеткіш сақталса, ықтимал сценарий мынадай болады.

HALYK FINANCE СЦЕНАРИЙІ
Halyk Finance зейнетақы активтерін басқаруды 2022 жылдың желтоқсанында бастаған. Сондықтан бұл компания бойынша CAGR толық төрт жылдан аз кезең негізінде есептелді.
Шартты зейнетақы бірлігінің құны 2022 жылғы желтоқсандағы 1 048 теңгеден 2026 жылғы маусымда 1 647 теңгеге дейін өсті. Соның негізінде орташа жылдық күрделі кірістілік шамамен 13,8% деп алынды.
Осы көрсеткіш сақталған жағдайда ықтимал нәтиже төмендегідей болады.

Halyk Global Markets
БЖЗҚ сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұл компания 2026 жылы 1 қаңтардан бастап өз басқаруына зейнетақы активтерін беру туралы жаңа өтініштерді қабылдамайды.
Tansar Capital зейнетақы активтерін басқаруды 2026 жылдың сәуірінде ғана бастаған. Сондықтан оның тарихи көрсеткіштері жеткіліксіз әрі басқа инвестициялық портфельді басқарушылармен объективті салыстыру әзірге мүмкін емес.
Жеке компания шығынға ұшыраса, салымшының ақшасы не болады?
Парламент қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберілген заң туралы экс-депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жеке инвестициялық портфельді басқарушылар салымшылардың зейнетақы жинағының номиналды мөлшерінің сақталуына жауапты болатынын жазды.
Бұл талап Әлеуметтік кодексте де көзделген.
Әлеуметтік кодекстің 15, 37 және 217-баптарына сәйкес, егер инвестициялық портфельді басқарушының қолындағы зейнетақы активтерінің номиналды кірістілігі заңда белгіленген ең төменгі кірістілік деңгейінен төмен болса, басқарушы пайда болған теріс айырманы өз капиталы есебінен БЖЗҚ-ға өтейді. Кейін бұл қаражат салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына аударылады.
Яғни заң салымшыларға белгілі бір деңгейде қосымша қорғаныс тетігін ұсынады. Алайда бұл кепілдік инвестициялық табыстың белгілі бір мөлшерін қамтамасыз етеді дегенді білдірмейді. Басқарушы тек заңда белгіленген ең төменгі кірістілік деңгейінен төмендеп кеткен жағдайда пайда болған айырманы өтеуге міндетті.
Сондықтан жеке инвестициялық компанияны таңдағанда тек өткен жылдардағы кірістілікке сүйену жеткіліксіз. Болашақтағы нәтиже оның инвестициялық стратегиясына, тәуекелдерді басқару тәсіліне, активтер құрылымына және нарықтағы ахуалға тікелей байланысты болады.
Бұл материалда келтірілген барлық есептеулер өткен жылдардағы көрсеткіштер негізінде жасалған шартты сценарийлер ғана. Алдағы 5, 10 немесе 20 жылда қай басқарушының жоғары табыс әкелетінін бүгіннен нақты айту мүмкін емес.
Жаңа заң салымшыға не береді?
- БЖЗҚ қаражатын 100% УИП-ке беруге болады.
- Басқарушы ең төменгі кірістіліктен төмен түссе, теріс айырманы өз капиталы есебінен өтейді.
- Басқарушыны ауыстыру мүмкіндігі сақталады.
Ескерту: өткен жылдардағы жоғары кірістілік болашақтағы дәл сондай нәтижеге кепіл болмайды.
Сондықтан инвестициялық портфельді басқарушыны таңдағанда тек тарихи кірістілікке емес, оның инвестициялық стратегиясы, тәуекелдерді басқару тәсілі және активтер құрылымына да назар аударған жөн.