Білім

Білім бюджеті облыстан ауданға қайтарылады – заң жобасы Сенатқа жолданды

Мәжіліс кулуарында депутат Жанарбек Әшімжан Tizgin.kz тілшісіне білім беру бюджетінің облыстардан аудандық деңгейге қайтарылуына қатысты норманың мән-жайын айтып берді.

«Заң Сенатқа жолданды. Білім бюджетін ауданға беру туралы шешім қабылданды. Өздеріңіз білесіздер, депутаттардың пікірі екіге жарылды. Бірақ басым көпшілігі ауданға беру туралы шешімді қолдады. Сенатқа солай жолданды», – деді Жанарбек Әшімжанов.

Сондай-ақ депутаттан заң жобасын талқылау кезінде білім саласын басқаруда толық емес, гибридті тәсіл ұсынылғаны, яғни шаруашылық мәселелерін ғана аудандарға қайтару нұсқасы қаралғаны туралы сұралды.

«Иә, ондай көзқарастар айтылды. Бірақ барлық функцияны аудан деңгейіне беру туралы шешім қабылданды», – деді Әшімжан.

Еске салсақ, жақында Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Осы құжатта білім беру шығындарын облыстан аудандарға қайтару туралы норма бар.

Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов білім беру шығындарын облыстық бюджеттен аудандық деңгейге қайтару туралы заң нормасына қарсы шыққан еді. Алайда бұл бастамасын басқа депутаттар қолдамаған.

Айта кету керек, мұғалімдердің өздері бұл бастамаға қарсы болып отыр. Бір топ педагог «e-Petition» платформасында аталған нормаға қарсы петиция жариялаған.

Олардың пікірінше, егер бұл өзгеріс қабылданса, ұстаздар қайтадан әкімдіктердің тапсырмасын орындаушы күшке айналуы мүмкін. Мұғалімдер қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты мәжбүрлі жұмыстарға қайта түсеміз деп алаңдайды.

Back to top button