Бес елдің ғалымдары Астанада рухани мәдениеттің болашағын талқылады

2026 жылғы 21–22 тамызда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәстүр, рухани мәдениет және ұлттық бірегейлік мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Дәстүр мен қазіргі заман диалогы: рухани мәдениет ұлттық бірегейліктің негізі ретінде» деп аталған ғылыми жиынға Қазақстанмен қатар Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Польша ғалымдары қатысты.

Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR28713029 «Қазіргі заманғы ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті модификациялау және қайта құру» ғылыми бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Ұлттық болмысқа ықпал ететін факторлар талқыланды
Пленарлық мәжілісте ғылыми бағдарламаның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Т.С. Каленова қатысушыларды 2025–2026 жылдары жүргізілген зерттеулердің маңызды нәтижелерімен таныстырды.

Халықаралық басқосуда дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы, қазіргі қоғамдағы рухани мәдениеттің орны және халық шығармашылығының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі жан-жақты сөз болды.
Жиынға Қажы Байрам Вели университетінің профессоры Алпер Алып, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы А.А. Бакиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ильхама Маммадова, Әлішер Науаи атындағы Өзбек тілі мен әдебиеті университетінің кафедра меңгерушісі Камолахон Абдуразакова, Жүсіп Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Гүлмира Карабалаева және Варшава университетінің профессоры Анджей Вежбицки бастаған шетелдік зерттеушілер қатысты.

Ғалымдар ұлт-азаттық күрестің ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы орны, дәстүрлі мәдениет пен әлеуметтік рәсімдердің маңызы, жаһандану жағдайында рухани құндылықтарды сақтау жолдары туралы пікір алмасты. Сонымен бірге қазіргі әлеуметтік өзгерістердің ұлт болмысына ықпалы мен ұлттық бірегейлікті нығайтудың тиімді тетіктері талқыланды.
Ғылыми басқосу Бурабайда жалғасты
Конференцияның алғашқы күні Еуразия ұлттық университетінде өтсе, екінші күнгі жұмыс Бурабай курорттық аймағында жалғасты. «Nomadius» этнографиялық мұражайында «Қазақстандық бірегейлік мәдениетаралық диалогтың негізі ретінде: әлеуметтік-мәдени тәсілдер теориясы мен практикасы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Оның барысында қазақстандық бірегейліктің қоғамдағы түрлі мәдени топтарды жақындастырудағы рөлі, тарихи мұраны қазіргі ортада жаңғырту және рухани құндылықтарды кейінгі буынға жеткізу мәселелері қаралды.
Конференция аясында тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаевтың «Қазақ халқының салтанатты-ғұрыптық мәдениеті» атты жаңа оқу құралының тұсаукесері өтті. Қазақтың дәстүрлі рәсімдері мен ғұрыптық мәдениетін қамтыған еңбек ғылыми қауымға таныстырылды.