TOP-2Жаңалықтар

Бензин бағасы 300 теңгеге дейін қымбаттай ма – министрдің жауабы

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АИ-92 маркалы бензин бағасының литрі 300 теңгеге дейін қымбаттау мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Министр жанармай бағасы күрт өссе, мемлекет тиісті шаралар қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Қазір бензин қанша тұрады

Министрдің айтуынша, бүгінде жанармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің литрі 253-271 теңгеден, ал дизель отыны 356-367 теңгеден сатылып жатыр.

Ақкенженов жанармай бағасының әр бекетте әртүрлі болуын олардың шығыны және нарықтағы бәсекелестікпен байланыстырды.

«Көріп отырғандарыңыздай, жанармай бағасында айтарлықтай айырмашылық бар. Кейбір жанармай құю бекеттерінің шығыны өзгелерге қарағанда төмен болуы мүмкін. Бұл нарықта бәсекелестік бар екенін көрсетеді. Баға ішкі сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады», – деді министр.

Бензин бағасы күрт өссе не болады

Журналистер министрден АИ-92 бензинінің бағасы 300 теңгеге жетуі мүмкін бе деген сұрақ қойды. Алайда министр нақты болжам жасаудан бас тартты.

«Алдын ала болжам жасамай-ақ қояйық. Дегенмен баға күрт өсетін болса, мемлекет бензин құнын тұрақтандыру үшін қажетті шара қабылдайды», – деді ол.

Осылайша, министр АИ-92 бензинінің литрі жақын арада 300 теңгеге дейін қымбаттай ма деген сұраққа нақты жауап бермеді. Дегенмен баға күрт өскен жағдайда мемлекет нарыққа араласуға дайын деген мәлімдеме жасады ол.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button