Кейінгі бес жылда қазақстандықтардың сотқа жүгінуі айтарлықтай артқан. 2021 жылдың алғашқы жартысында бірінші сатыдағы азаматтық соттарға түскен істер мен материалдардың жалпы саны 417,3 мың болса, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 611,1 мыңға жетті. Бес жыл ішінде сотқа жүгіну көлемі 193,9 мыңға немесе 46,5 пайыз көбейген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Азаматтық соттардағы ең үлкен жүктеме неке-отбасылық қатынастардан туындайтын дауларға тиесілі. Жарты жылда бұл санат бойынша 61 133 талап-арыз түсіп, 48 651 іс қозғалған. Соның ішінде 28 295 іс бойынша шешім шығарылып, 46 954 іс аяқталған.
Отбасылық даулардың ішінде ең көп кездесетіні – алимент өндіру. Бұл санатта 3 660 талап-арыз түсіп, 2 676 іс қозғалған, 1 452 шешім шығарылып, 2 546 іс аяқталған. Оның ішінде жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен 21 052 арыз қаралып, 18 067 сот бұйрығы шығарылған. Бұл алиментке қатысты даулардың басым бөлігі ұзақ сот талқылауынсыз шешілетінін көрсетеді.
Еңбек қатынастары санатында 4 354 талап-арыз түсіп, 2 687 іс қозғалған. Соттар 1 791 іс бойынша шешім шығарып, 2 673 істі аяқтаған. Соның ішінде 1 709 талап-арыз жалақы мен басқа да еңбек төлемдерін өндіріп алуға қатысты болса, осы санатта 979 іс қозғалып, 526 шешім қабылданған.
Есепті кезеңде неке-отбасылық қатынастар бойынша 2 132 іс апелляцияға жеткен. Еңбек даулары бойынша 1 160 іс қайта қаралып, оның 1 153-і азаматтардың бастамасымен қозғалған. Бұл азаматтардың сот шешімдерін қайта қарату құқығын белсенді пайдаланатынын көрсетеді.
Апелляцияны көбі алимент дауынан туындайды
Апелляцияға жеткен істердің ішінде алиментке қатысты даулар ерекше орын алады. 269 іс алимент өндіруге, 181 іс алимент мөлшерін өзгертуге немесе төлеуді тоқтатуға, 105 іс ата-ана құқығынан айыруға қатысты қаралған.
Жоғарғы Соттың кассациялық сатысына жететін істер саны әлдеқайда аз. Мысалы, бұйрықтық тәртіппен қаралған алимент өндіру істері бойынша бар болғаны 5 кассациялық шағым түскен. Оның біреуі қайтарылып, қалғандары заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қаралған. Бұл кассациялық сүзгінің өте қатаң екенін және Жоғарғы Сотқа тек ерекше құқықтық мәні бар даулар ғана жететінін көрсетеді. Сонымен қатар кассациялық сатыдағы азаматтық істер бойынша төленуге тиіс мемлекеттік баждың жалпы сомасы 566,8 млн теңге болып, оның 554,7 млн теңгесі өндірілген, 16,2 млн теңгесі кері қайтарылған.
2026 жылдың басында сот орындаушыларының өндірісінде 182,5 мыңнан астам атқарушылық құжат болған. Алты ай ішінде тағы 46,9 мыңнан астам жаңа құжат келіп түсіп, орындаудағы істердің жалпы саны 229 мыңнан асқан. Соның ішінде 33,5 мыңнан астам іс аяқталғанымен, маусым айының соңында 196 мыңнан астам атқарушылық құжат әлі орындалмай қалған.
Айыппұл берешегі
Жеке және заңды тұлғалардың пайдасына өндіріп алу туралы атқарушылық істердің көлемі ерекше назар аударады. Бұл санатта 143 110 іс орындауда болып, оның 9 105-і ғана аяқталған, ал 134 005 іс кезең соңына өткен. Мемлекет пайдасына өндіріп алу бойынша да 81 719 іс орындауда болып, 23 459-ы аяқталған, 58 260 іс орындалмай қалған.
Жеке және заңды тұлғалардың пайдасына өндіріп алынуға тиіс қаражат 926,2 млрд теңге болған. Оның 38,5 млрд теңгесі ғана өндіріліп, 887,7 млрд теңге орындалмай қалған. Мемлекет пайдасына өндірілетін қаражат көлемі 396,7 млрд теңгеге жетсе, оның 372,4 млрд теңгесі әлі өндірілмеген.
Есепті кезеңде сот орындаушыларының өндірісінде 290 269 борышкер болған. Алимент алуға құқылы балалар саны – 409 410. Орындаудағы жалпы атқарушылық іс саны 329 513-ке жеткенімен, олардың 29 408-і ғана аяқталған. Кезең соңында 300 105 іс орындалмай қалып, алимент бойынша жалпы берешек 154,3 млрд теңгеге, оның ішінде өтелмеген қарыз 143,4 млрд теңгеге жеткен.
Әкімшілік айыппұлдар бойынша өндірілуге тиіс қаражат 18,64 млрд теңгені құрап, 4,75 млрд теңгесі өндірілген, ал 2,21 млрд теңге көлеміндегі берешек орындалмай қалған.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанованың айтуынша, соңғы бес жыл ішінде елдің сот жүйесінде 350 бос орын сақталып, судьяларға түсетін жүктеме артқан.
– Қабылданған шаралардың арқасында 151 жаңа судья тағайындалды. 2026 жылдың басынан бері тағы 128 судья тағайындалып, бос орындар деңгейі айтарлықтай төмендеді. Конкурстық рәсімдер оңтайландырылып, оларды өткізу мерзімі 6 айдан 1,5 айға дейін қысқартылды. Біліктілік комиссиясының құрамы 40%-ға жаңартылып, отырыстар жиілігі айына 1 реттен 4 ретке дейін арттырылды. Бұл ретте кандидаттарға қойылатын талаптар төмендетілген жоқ, керісінше күшейтілді: 2025 жылы үміткерлердің тек 24,5%-ы ғана біліктілік емтиханынан сәтті өтті. Кадр саясаты жаңа кандидаттарды, оның ішінде Сот төрелігі академиясының түлектерін тартуға бағытталған, – дейді ол.
1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция қылмыстық қудалау түскен азаматтардың құқығын қорғауды жаңа деңгейге көтерді. Бұл талаптар ел ішінде БАҚ арқылы кеңінен түсіндірілген болатын. Енді адамға ұсталған сәттен бастап оның бостандығын шектеудің нақты себептері түсіндіріліп, үндемеу, адвокаттың көмегіне жүгіну және жақын туыстарына хабарлау құқықтары бар екені бірден ескертілуге тиіс. Сонымен қатар, кінәсіздік презумпциясы Конституцияда дербес қағидат ретінде бекітілді. Яғни адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі. Ешкім өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, ал күмәннің бәрі азаматтың пайдасына шешіледі. Сондай-ақ азаматтың өзіне, жұбайына және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы мен бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға тыйым салу конституциялық кепілдікке айналды. Бұл өзгерістер әділ сот төрелігінің негізгі қағидаттарын күшейтіп, азаматтарды негізсіз қудалау мен құқықтарының бұзылуынан қорғауға бағытталған.