Басшысынан кек алмақ болған: Қазақстандық жарты миллиард теңгенің астығын өртеген
Өрт салдарынан шаруа қожалығына 495 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келген.
Қазақстандық азамат астық сақталған қоймаларды өртеп, 500 миллион теңгеге жуық шығын келтіргені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Үш жылдан кейін ол сот үкіміне жоғары инстанцияда шағым түсірген. Бұл туралы 9 қыркүйек 2026 жылы Кассациялық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жанжалдан кейін астық қоймаларын өртеген
2023 жылдың мамыр айында Солтүстік Қазақстан облысында шаруа қожалығының басқарушысы басшысымен жанжалдасып қалған.
Ол басқа адаммен бірге шаруа қожалығына тиесілі астық қоймаларын қасақана өртеуді ұйымдастырған. Өрт салдарынан шаруа қожалығына 495 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келген.
Сот 6 жылға бас бостандығынан айырды
Бірінші сатыдағы сот өрт қойған азаматты 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеті жүктелді. Апелляциялық сот та бірінші сатыдағы соттың шешімімен келісті.
Қорғаушысы Кассациялық сотқа шағымданды
Сотталған азаматтың қорғаушысы оның кінәсі дәлелденбегенін алға тартып, сот үкімі мен апелляциялық сот қаулысын жоюды сұрап, Кассациялық сотқа жүгінді.
Кінәсі қандай дәлелдермен расталды?
Кассациялық сот сотталған К.-ның өрт қоюды ұйымдастырғаны бірнеше дәлелдердің жиынтығымен расталған деген қорытындыға келген.
Сот мәліметінше, дәлелдер қатарында:
- төтенше жағдайлар органдарының материалдары;
- оқиға болған жерді қарау хаттамалары;
- өрт-техникалық зерттеу қорытындылары;
- өрттің қасақана қойылғанын дәлелдейтін сараптама нәтижелері;
- кінәлі адамдардың телефон байланыстары туралы деректер;
- жәбірленуші мен куәлардың жауаптары болған.
Кассациялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды
Сот тағайындаған жаза жасалған қылмыстың ауырлығына және заң талаптарына сәйкес келеді деген қорытындыға келген. Осыған байланысты сот үкімі мен апелляциялық соттың қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды.