Бәрі де алғыстан басталған: Қазақстанда тегін қызмет көрсеткен кәріс дәрігерді Тоқаев марапаттады
Кореялық дәрігерге «Достық» ордені табысталды
Президент Тоқаевтың Сеулге сапары барысында Корея Республикасының бес азаматы II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Олардың қатарында Қазақстандағы медицина саласының дамуына көп жылдан бері үлес қосып келе жатқан азамат Ким Бу Соп та болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
2018 жылдан бері Қазақстанға тегін медициналық қызмет көрсетіп келеді
Доктор Ким 2018 жылдан бері медициналық еріктілерден құралған үлкен командамен бірге Қазақстанға тұрақты түрде келіп тұрады. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өздерінің еңбек демалысын алып, мыңдаған шақырым жол жүріп, Қазақстан азаматтарына тегін медициналық көмек көрсетеді.
Дәрігер Ким жас мамандарды оқытуға ерекше көңіл бөледі, өйткені ол Қазақстан медицинасының болашағы солардың қолында екеніне шын жүректен сенеді.
Мыңдаған науқасқа көмек көрсетіп, жүздеген ота жасады
Осы жылдар ішінде мыңдаған пациент тегін медициналық көмек алды, жүздеген ота жасалды. Сонымен қатар, Қазақстанның 100-ге жуық медицина қызметкері түрлі бағыттар бойынша Кореяда тегін тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.
«Бұл марапат маған одан әрі қызмет етуге мотивация берді»
Дәрігер Ким бұл марапатты өзіне тоқтау үшін берілген белгі емес екенін айтты. Керісінше, ол оған Қазақстанға қызмет етуді жалғастырып, еліміз үшін бұдан да көп іс атқаруға жаңа күш пен мотивация берген.
«Қазақ халқы кәрістермен қолындағы барын бөлісті»
Оның айтуынша, оның Қазақстанға келіп қызмет етуі алғыс сезімінен басталған.
Ол Оңтүстік Кореядағы Hyundae Hospital ауруханасының негізін қалаушы. Доктор Ким Қазақстанға 1937 жылы осы жерге жер аударылған кәрістердің тарихын білгеннен кейін қызығушылық таныта бастаған. Оған, әсіресе, қазақ халқының сол қиын-қыстау кезеңде жер аударылып келген кәрістерді қалай қабылдағаны, олармен қолындағы барын, тіпті соңғы нанын бөліскені қатты әсер еткен. Сол кезде ол қазақ халқына алғысының белгісі ретінде Қазақстанға 10 жыл бойы медициналық еріктілер миссиясымен келіп тұруға уәде берген.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан мен Корея арасындағы тарихи байланыстардың бірі – корей халқының ұлттық қаһарманы, генерал Хон Бом Доның тағдырымен байланысты екенін жаздықХон Бом До кім болған, оның тағдыры Қазақстанмен қалай тоғысты және оны корей халқы неге ерекше құрметтейтіні туралы мына жерден оқи аласыздар.