$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-1

Жапонияға қарсы соғысып, Қазақстанда дүние салған корей батыры Хон Бом До жайлы не білеміз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 14–16 қыркүйекте Оңтүстік Кореяға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Мемлекет басшысына көрсетілген ерекше құрмет әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Қазақстан мен Корея арасындағы тарихи байланыстардың бірі – корей халқының ұлттық қаһарманы, генерал Хон Бом Доның тағдырымен байланысты. Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен әйгілі қолбасшы өмірінің соңғы жылдарын Қазақстанда өткізіп, Қызылордада жерленген. 2021 жылы оның сүйегі 78 жылдан кейін тарихи отанына қайтарылды. Хон Бом До кім болған, оның тағдыры Қазақстанмен қалай тоғысты және оны корей халқы неге ерекше құрметтейді? Tizgin.kz осы туралы шолу жасады.

Хон Бом До кім

Фото: koreilbo.com

Хон Бом До – Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен әйгілі әскери қолбасшы, корей ұлттық тарихындағы маңызды тұлға.  Ол әскери ерлік пен отаншылдықтың символына айналған тұлға. Оның есімі кейінгі ұрпаққа ұлттық тәрбие, батырлық және елге қызмет етудің үлгісі ретінде ұсынылады. Хон Бом Доның негізгі тарихи рөлі – Кореяның жапон отаршылдығынан тәуелсіздік алу жолындағы қарулы күресі.

Қарапайым әрі кедей отбасынан шыққан ол өмірдің талай қиындығын бастан өткеріп, көтерілісшілер жасағының арасында аңызға айналды. Жапон басқыншылары үшін ол нағыз қауіп болды. Тіпті оның басын әкелген адамға қомақты сыйақы жарияланған.

Ол 1868 жылыкедей шаруа отбасында дүниеге келген.

1907 жылы Капсана ауданында аңшылардан партизандар отрядын құрды.

1918-1922 жылдары өткен Кеңес Қиыр Шығыстағы Азамат соғысына қатысты.

1919 жылдан бастап Маньчжурияда жапон колонизаторларына қарсы әрекет еткен «Тәуелсіздік армиясының» көрнекті ұйымдастырушысы болды.

Қазақ жерінде жерленген корей батыры

Азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін Хон Бом До Кеңес Одағы аумағында өмір сүріп,1937 жылы Қызылорда қаласына күштеп жер аударылды. Тағдыр оны қазақ жеріне алып келді. Өмірінің соңғы жылдары Хон Бом До Қызылордадағы корей театрында күзетші болып жұмыс істеді.

1943 жылы 25 қазанда Қызылорда қаласында 75 жасында қайтыс болып, сексен жылға жуық Қызылордада жерленіп жатты. Қазақтың даласы оны бауырына басып, ондаған жылдар бойы оның тыныштығын өз азаматының тыныштығындай қорғады.

78 жылдан кейінгі тарихи оралу

Фото: gov.kz (Генералдың Отанына қайтуы)

2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев генералдың сүйегін тарихи отанына қайтару туралы шешім қабылдады.

Фото: pkzsk.info

Батырдың сүйегі ең жоғары құрметпен Корея түбегіне жеткізіліп, Тэджон қаласындағы Ұлттық зиратқа қайта жерленді.

Корей халқының жадында қалған қоштасу рәсімі

Қайта жерлеу рәсімі әлі де ел есінде. Генералдың күлі тиелген ұшақ 2021 жылы 15 тамызда Кореяның жапон отарлық билігінен азат етілген күні Сеулге қонды. Әуежайда ұшақты Корея Республикасының Әуе күштерінің әскери жойғыш ұшақтары алып жүрді. Құрмет қарауылының қатысуымен салтанатты қарсы алу рәсімінде Корея Президентінің өзі тұрды. Бүкіл ел экран алдында жылап отырды деуге болады. 78 жылдан кейін олардың басты қаһарманы қазақ даласынан туған жеріне оралды. Корейлер мұндайды ешқашан ұмытпайды.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның ұлттық қаһарманы Хон Бом Доның рухына арналған еске алу рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы өз сөзінде Кореяның ұлттық қаһарманы, генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару Қазақстанның корей халқына деген шынайы құрметінің көрінісі екенін атап өтті.

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Мун Чжэ Инге Хон Бом До жерленген жерден алынған топырақ салынған қобдишаны және оның өмірбаянына қатысты басқа да естелік заттарды табыстады.

Мун Чжэ Ин Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Кореяның ұлттық қаһарманы Хон Бом Доға мемлекеттік награда берілгенін хабарлады.

Қызылордада Хон Бом Доға арналған мемориал ашылды

Фото: zakon.kz

Қызылордадағы мемориалдың ашылуына Байқоңыр қаласының өкілдері шақырылды. Ресейлік тарап Қазақстан корейлері қауымдастығы мен Корея Республикасының ресми делегациясына 1920 жылдардағы әскери киім үлгісіндегі бірнеше киім жиынтығын табыстады. Дәл осындай әскери киім киген Хон Бом Доның батальоны Кеңес армиясы қатарында корей халқының тәуелсіздігі үшін күрескен.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button