TOP-2Жаңалықтар

«Бақытжан Базарбек жанымызда»: жол апаты бойынша жәбірленушілер үндеу жасады

Видео аудандық аурухана ауласында түсірілген.

Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азаматтың туыстары үндеу жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Бақытжан ағамыз көмегін көрсетіп жатыр»

«Құрметті қазақ халқы! Қазіргі қоғамда резонанс тудырып жатқан оқиғаға өздеріңіз куә болып отырсыздар. Бұл оқиғада біз жәбірленуші тараптан боламыз. Қазіргі таңда Бақытжан Базарбек ағамыз біздің жанымызда. Барынша өзінің көмегін көрсетіп жатыр. Бауырымның аяқтан тұрып кетуіне еш көмегін аяп жатқан жоқ. Қазіргі таңда бауырымның жағдайы қанағаттанарлық. Бауырыма көмек көрсетіп жатқан ақ халатты абзал жандарға да алғыс. Құрметті халайық, бауырым үшін дұғада болыңыздар», – дейді Нұржігіттің әпкесі.

Аудандық аурухана ауласында жәбірленушілермен бірге тұрған бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өз пікірін айтты.

«Алып-қашпа әңгіме таратпайық»

«Құрметті қазақ халқы, қазір резонанс тудырған жол-көлік оқиғасы болған Нұржігіт бауырымыздың өмірі ақ халатты абзал жандардың қолында. Емі жүріп жатыр. Жамбыл облысының денсаулық сақтау тарапынан үлкен көмек атқарылып жатыр. Бірталай дәрігер, сарапшылар келіп, Нұржігіт бауырымызға көмегін көсретіп жатыр. Реаниматолог, травматологтар келіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігімен тікелей байланыста консилиум да жүріп жатыр. Динамикасында кішкене оң өзгерістер бар. Жанымда Нұржігіт бауырымның жақын туған-туысқандары тұр. Бәріміз дұғада болайық. Бәрі Алланың қолында. Алып-қашпа әңгіме таратпайық. Бәріміз біргеміз. Кейде ауруханада түнеген кездеріміз болды. Нұржігіт бауырымыздың аяққа тұрып кетіп, отбасына оралуын тілеп отырмыз. Ол отбасына оралғаннан кейін өзім Астана, Алматыдағы барлық нейрохирургиялық ем-шараларға қатысты көмектесетін боламын. Барлықтарыңызға рақмет», – деді Бақытжан Базарбек.

Еске салсақ,  Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.  Жол апаты Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Бұған дейін осы жол учаскесінде көлік малды қағып, жануардың өлексесі жол үстінде қалып қойған. Бір ер адам оны жолдан алып тастау үшін көліктен түскен. Сол сәтте оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылады.

Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол тергеу жүріп жатқандықтан оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайтынын жеткізіп, көпшілікті асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Back to top button