Байлар мемлекеттен көмек алмауы керек – Бектенов
Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде азаматтардың материалдық жағдайы ескеріледі. Премьер-министр Олжас Бектенов ауқатты отбасыларға мемлекет есебінен қолдау көрсету әділетсіз екенін мәлімдеді. Үкімет басшысының айтуынша, жаңа тәсіл бюджет шығыстарын қысқартып, алдағы үш жылда шамамен 2,5 триллион теңге үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Ауқатты отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету – әділетсіз»
14 қазанда Құрылтайдың пленарлық отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновке бюджет тапшылығына қатысты сұрақ қойылды. Үкімет басшысы оған жауап бере отырып, мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру бағытында әлеуметтік қолдау жүйесі қайта қаралып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, бұдан былай жәрдемақылар мен әлеуметтік көмекті тағайындауда азаматтардың белгілі бір санатқа жатуы ғана емес, олардың нақты материалдық жағдайы да ескеріледі. Премьер-министр қазіргі жүйеде табысы жоғары және тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың бірдей мемлекеттік қолдау алатынын мысалға келтірді.
«Ақыры азаматтың қай санатқа жататынына емес, оның көмекке қаншалықты мұқтаж екеніне негізделген қағидатқа көшіп жатырмыз. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қағидат толыққанды жұмыс істейді. Мәселен, бүгінде көпбалалы отбасы бай болса да, кедей болса да, мемлекеттен бірдей қолдау алады. Біздің ойымызша, бұл – әділетсіздік. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек», – деді Олжас Бектенов.
Осылайша, Үкімет әлеуметтік қолдауды ең алдымен оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздеп отыр.
Мемлекеттік көмек тұрақты табыс көзіне айналмауы тиіс
Олжас Бектеновтің айтуынша, әлеуметтік қолдаудың негізгі мақсаты – азаматтарды ұзақ уақыт бойы мемлекетке тәуелді ету емес, олардың қиын жағдайдан шығуына мүмкіндік беру. Үкімет басшысы мемлекеттік көмектің уақытша қолдау құралы ретінде қарастырылуы қажет екенін атап өтті.
«Мемлекет көрсететін көмекті адам өмір бойы соның есебінен күн көруге болатын тұрақты табыс көзі ретінде қабылдамауы керек. Керісінше, бұл оның өз жолын тауып, уақыт өте келе мұқтаж азаматтар санатынан шығуына түрткі болуы тиіс. Біздің ұстанымымыз осындай», – деп түсіндірді Премьер-министр.
Оның сөзінше, жаңа тәсіл әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын көмекке шынымен мұқтаж адамдарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Үкімет үш жылда 2,5 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдемек
Премьер-министр әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау мемлекеттік бюджетке түсетін қаржылық жүктемені азайтуға ықпал ететінін мәлімдеді.
Үкіметтің есебінше, қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде 2027 жылы 700 миллиард теңге, ал алдағы үш жылда 2,5 триллион теңгеге жуық қаражат үнемделеді.
Бектеновтің айтуынша, үнемделген қаржы мемлекеттің өзге де қажеттіліктеріне бағытталуы мүмкін.
«Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Бюджет тапшылығын біртіндеп азайту үшін тиісті шараларды жүзеге асырамыз», – деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындаудың жаңа шарттары қолданыла бастайды. Өзгерістер әлеуметтік қолдауды азаматтардың мұқтаждық деңгейіне қарай саралауға бағытталған6 алайда бұл барлық әлеуметтік төлем ауқатты азаматтар үшін бірдей тоқтатылады дегенді білдірмейді. Нақты өзгерістер тиісті төлем түрлеріне және оларды тағайындау шарттарына байланысты болады.