TOP-2Қоғам

Ауылға көшкен онколог дәрігер: Мемлекеттік қолдау жас мамандарды ынталандырады

Қазақстанда көптеген жас маман ірі қалаларда мансап құруға ұмтылғанымен, ауылдарда жұмыс істеуді таңдаушылар да бар. Солардың бірі – онколог дәрігер Ақжол Балғабаев. Tizgin.kz тілшісі қаладағы жұмысын тастап, ауылға қоныс аударып, жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді мақсат еткен дәрігермен сұхбаттасты.

Ақжол Қанатұлы 2024 жылы 1 тамызда отбасыммен Ақмола облысы, Қорғалжын ауданындағы Қорғалжын ауылына көшіп барған. Оған дейін Астанадағы емханалардың бірінде онколог болып қызмет еткен ол Қорғалжын аудандық ауруханасына барған.

«Аудандық ауруханада онколог дәрігер болып жұмыс істеймін. Бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарамын. Қаладан ауылға ауысқан кезде жайсыздық сезінген жоқпын. Өзім де ауылда туып-өскенмін. Өзіміз білетін ауылдың тіршілігі қайнап жатты», – дейді Ақжол Балғабаев.

Ол өзі жұмыс істейтін аудандағы тұрғындарда жүрек қан-тамырларына қатысты аурулар, неврологиялық аурулар жиі кездесетінін айтты.

«Мысалы, қалада жедел жәрдеммен науқас келген кезде әр маман өз саласына қатысты қарайды. Ал ауылдық жағдайда барлық жағдай бойынша жауапкершілікті өзің аласың. Сол жағынан қиын және ауыл мен қаладағы аурухананың айырмашылығы осы. Ауылда 24/7 хабарда болу керексің, себебі науқас алдымен саған хабарласады», – дейді ол.

Қазақстанда жас мамандардың ауылға барып жұмыс істеуі құпталып қана қоймай, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау табады. Ауылдық жерлерде еңбек етуге ниетті мамандарға көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Осындай бағдарламалардың арқасында ауылдарға дәрігерлер, мұғалімдер және басқа да қажетті мамандар келіп, тұрғындардың сапалы медициналық көмек пен маңызды қызметтерге қолжетімділігі артып келеді. Дәрігер Ақжол Қанатұлына да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген.

«Ауылға қызметке келгенімде аудандық әкімдік қолдау ретінде 100 айлық есептік көрсеткіш көтермеақы берді және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 5 миллион теңге қаражат берілді. Бұл жас мамандар үшін үлкен қолдау деп ойлаймын. Қазіргі уақытта аудандық ауруханамызға акушер-гинеколог, хирург дәрігер келді. Қаржылай және баспана тұрғысынан көмек болса – жас мамандар ауыл-аймаққа қуана барады», – дәрігер.

Ол аудандық аурухананың материалдық базасы әлі толықтырылуы қажет екенін айтты.

«Бізде тез арада көмек көрсететін УЗИ, КТ техникасы жоқ, ауыл мен қаланың айырмашылығы осы жерде. Алдағы уақытта ауруханамызға жаңадан зерттеу құрылғылары келсе – науқастарды қалаға жібермей-ақ, өзіміз дер кезінде диагноз қойып, дер кезінде ота жасай береміз», – дейді маман.

Ол аудандық ауруханада болған оқиғасын айтып берді.

«Мен аудандық ауруханаға алғаш онколог болып келген кезде тілінің астында ісігі бар науқас қабылдауыма келді. Оны тіс дәрігері 2 ай бойы жара деп емдеп жүрген екен. Сондай-ақ, қалада ақылы түрде терапевт, лор дәрігерге қаралып, емделіп жүріпті. Ем қонбаған соң маған келген. Мен оған «тілдің қатерлі ісігі» деген диагноз қойып, Астанадағы онколог мамандарға бағыттадым. Қаладағы дәрігерлер маған хабарласып, аудандық деңгейде осындай жедел диагноз қойылғаны үшін рахмет айтып, ризашылық білдірді», – дейді Ақжол Балғабаев.

Онколог дәрігер өз тәжірибесімен бөлісе келе ауыл тұрғындары мен жас мамандарға кеңес айтты.

«Бірінші байлық –денсаулық» екенін бәріңіз білесіздер. Денсаулығыңызға қатысты қандайда бір шағым болса міндетті түрде ауруханаға барып, қаралыңыздар. Ал жас мамандарға айтарым: ауданға, ауылға келіп – біліктілікті арттырып, білетініңді үйретуден қорықпау керек», – дейді ол.

Еске сала кетсек, шалғай ауылдарда еңбек ететін дәрігерлерге ерекше қолдау көрсетілуде. Онколог дәрігер растап отырғандай, оларға бір реттік көтерме төлемдер берілуде.

Тоқаев медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде қолжетімді медициналық көмектің сапасы ірі қалаларда ғана емес, ең шалғай ауылдарда да бірдей жоғары болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Оның айтуынша, былтыр 530 маманға жалпы сомасы 4,5 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Back to top button