Атыраулықтар Ақбаян Мұқанғалиеваға үй алып беруге шақырды
Атырау тұрғындары қайырымдылық қорлары мен жанашыр азаматтарды Ақбаян Мұқанғалиеваға баспана алуға қолдау көрсетуге шақырды. Бұл туралы atyrauoil.official парақшасында жазылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақбаянға қауіпсіз баспана қажет
Атырау тұрғындарының пікірінше, жеке әрі қауіпсіз үй Ақбаянның қалыпты өмірге оралуына және балаларымен бірге жаңа өмір бастауына үлкен мүмкіндік бермек.
Басынан ауыр жағдай өткен Ақбаян біраз уақыт Психикалық денсаулық орталығында ем қабылдады. Жуырда ауруханадан шыққан ол қазір жақындарының жанында оңалту шараларынан өтіп жатыр. Туысының айтуынша, Ақбаянның жағдайы біртіндеп жақсарғанымен, толық қалпына келуі үшін әлі де уақыт пен тұрақты қолдау қажет.
Балаларымен қайта қауышуды армандайды
Қазіргі уақытта оның балалары балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Ақбаянның басты армандарының бірі – денсаулығын қалпына келтіріп, балаларын жанына алып, бір шаңырақ астында бірге тұру. Олай болуы үшін ең алдымен тұрақты әрі қауіпсіз баспана қажет.
Осыған байланысты атыраулықтар қайырымдылық қорлары мен бейжай қарамайтын азаматтарды Ақбаянның баспаналы болуына көмектесуге үндеді. Тұрғындардың айтуынша, көрсетілген қолдау ананың балаларымен қайта қауышып, толыққанды өмірге оралуына маңызды қадам болмақ.
Бұған дейін не белгілі болды
Еске салсақ, бұған дейін Атыраудағы резонансты қылмыстық істен кейін психикалық денсаулық орталығында ем қабылдаған Ақбаян Мұқанғалиева ауруханадан шыққаны туралы жаздық. Қазір ол туыстарының қарауында болып, біртіндеп қалыпты өмірге оралуға тырысып жүр.