Атыраудағы ауаның ластануы тексеріледі – Экология министрлігі
Ведомство тексеру нәтижелері туралы қосымша ақпарат берілетінін атап өтті.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Атырау қаласындағы атмосфералық ауаның сапасына қатысты жоспардан тыс тексеру басталғанын хабарлады. Тексеруді Атырау облысы бойынша экология департаменті жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тексеру нәтижесі бойынша шара қабылданады
Министрлік мәліметінше, тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті инспекторлық шаралар қабылданады.
«Тексеру іс-шараларының нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес инспекторлық ден қою шаралары қабылданады. Жағдай министрліктің бақылауында», – делінген Экология министрлігінің хабарламасында.
Ведомство тексеру нәтижелері туралы қосымша ақпарат берілетінін атап өтті.
Атырауда ауадағы зиянды заттар мөлшері артқан
Бұған дейін 5 қыркүйектен 6 қыркүйекке қараған түні және 6 қыркүйектен 7 қыркүйекке қараған түні Атырау қаласында ауа құрамындағы кейбір хош иісті көмірсутектердің мөлшері белгіленген нормадан бірнеше есе жоғарылағаны хабарланған болатын.
Экологтардың мәліметінше, ауадағы ластаушы заттардың концентрациясы нормативтік көрсеткіштерден бірнеше есе асып кеткен.