TOP-2Оқиға

Атырауда тұрғындар полицейден күдіктіні арашалап алмақ болған – істің мән-жайы

Атырауда көшедегі адамдар полиция қызметкері ұстап жатқан жас жігітті ұрлап әкетіп бара жатыр деп ойлап, араша түскен. Кейін тәртіп сақшылары 19 жастағы азаматтың ұрлық жасады деген күдікпен ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жұрт адам ұрлау оқиғасы деп ойлаған

Әлеуметтік желіде тараған видеодан қара түсті жейде киген ер адамның жас жігітті күштеп қара көлікке отырғызып жатқанын көруге болады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жігіт қарсылық танытып, көмекке шақырған.

Мұны көрген тұрғындар жас жігітті белгісіз біреулер ұрлап әкетуге әрекеттеніп жатыр деп ойлап, оған араша түскен. Алайда кейін полиция көлікке отырғызған адамның тәртіп сақшысы екенін түсіндірді.

Полиция не дейді

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ұсталған 19 жастағы жігіт ұрлық жасады деген күдікке ілінген. Ол бұған дейін де жауапкершілікке тартылған және қалада тіркеусіз тұрған.

Ведомство тұрғындардың полиция қызметкерінің міндетін атқаруына кедергі келтіргенін хабарлады. Тексеру нәтижесінде тәртіп сақшыларының әрекетінен заң бұзушылық анықталмаған.

Сонымен бірге полиция оқиғаға қатысқан барлық адамның іс-әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Велосипед ұрлаған сәттің видеосы жарияланды

Қоғам арасында туындаған күмәнді сейілту үшін полиция әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялады. Кадрлардан ұсталған жігітке ұқсайтын адамның тұрғын үйдің кіреберісі маңынан велосипед алып кеткені көрінеді.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Back to top button