Оқиға

Атырауда сотталған адам қаза тапты: 12 қызметкер жазаланды

Атырауда сотталған адамның өлімінен кейін колонияның 12 қызметкері жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы «Ақ Жайық»-қа сілтеме жасап.

Оқиға 22 наурыз күні №15 түзеу мекемесінде болған. Сотталғандар арасындағы сөзге келіспеушілік төбелеске ұласып, салдарынан олардың бірі көз жұмған.

Колонияда қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның арысында қызметкерлер жұмысына қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталды. Нәтижесінде мекеме басшысы қызметінен босатылды.

Сондай-ақ басқа қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданылды:
– алты қызметкерге қатаң сөгіс;
– бір қызметкерге сөгіс;
– бір қызметкерге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді.

Жалпы 12 қызметкер жазаланды.

Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі («Адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелу немесе адамдар тобы тарапынан жасалу») бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар мекеме қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі («Құқық қорғау органы қызметкерінің қызметтік әрекетсіздігі, ауыр салдарға әкеп соққан») бойынша да бөлек тергеу басталды.

Back to top button