ЖаңалықтарОқиға

Атырауда 4-сынып оқушысы соққыға жығылды: анасы кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр

Атыраудағы интернатта оқитын 4-сынып оқушысының тағдыры көпшілік арасында алаң туғызған. Туыстары Рамазан Бисенғалиді жоғары сынып оқушыларының соғып, басынан ауыр жарақат алғанын айтып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Информбюро арнасы сілтеме жасап.

РАМАЗАНДЫ КІМДЕР СОҚТЫ

Жақындары оқиғадан кейін баланың денсаулығы күрт нашарлап, түнде мазасызданып, ұйықтай алмайтын хәлге түскенін алға тартты. Ал анасы Меруерт Ділмұхашева ұлына қорлық көрсетті деген оқушылар әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлілер тиісті жауапкершілікке тартылсын деп құзырлы органдардан көмек сұрап отыр.

Атыраудағы интернатта оңбай таяқ жеген 4-сынып оқушысы басынан қатты жарақат алған. Рамазан Бисенғалиді 3 және 8- сыныпта оқитын балалар соққыға жыққан. Осыдан кейін оқушының жағдайы күрт нашарлап, түнде ұйықтай алмайтын күйге түскен. Балама қорлық көрсеткендер тиісті жазасын алсын деген Меруерт Дилмұхашева құзырлы органдардан араша сұрайды, – делінген ақпаратта.

Мәлім болғандай, оқиға осыдан бес ай бұрын қаладағы мектеп интернаттарының бірінде болған. Меруерт Ділмұхашеваның айтуынша, 4-сыныптағы ұлына 3 пен 8 сыныпта оқитын балалар әлімжеттік көрсеткен. Анасының айтуынша, оңбай таяқ жеген Рамазан Бисенғали қатты соққыдан соң басынан жарақат алған екен. Осы жағдайдан кейін онсызда психикалық дамуы тежелген баламның жағдайы күрт нашарлады деп отыр.

Үйге келгенде баламның көзі қызарып, арқалары ісіп, беттерінің әр жері көгеріп келді. Сол кезден баламның жағдайы қиындап кетті, ауырып. 6:01 Жақсылық деген бала итеріп жіберді деді ұзынан құладым жерге, Альбина басымнан басып кетті мен сол кезде апай деп қарағанда апай телефонға қарап отырды. Содан кейін, есімді білмеймін, – дейді Рамазанның анасы.

Білім басқармасындағылар бұл оқиғаға қатысты мектеп директорына ескерту түрінде тәртіптік жаза берілгенін хабарлады. Ал соққы алған оқушыға қатысты тиісті медициналық көмек көрсету жөнінде денсаулық сақтау басқармасына хат жолдапты.

БІЛІМ БӨЛІМІ БӨЛІСКЕН АҚПАРАТ

11.03.2026 жылы бейнебақылау жазбасын қарау мәселесі бойынша техникалық ақауларына байланысты аталған күннің жазбасы сақталмағаны анықталды. Тексеру нәтижесінің қорытындысымен директорға өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Еңбек Кодексінің 64-бабы 1-тармағы 1- тармақшасына сәйкес білім бөлімінің 2026 жылғы 17 сәуірдегі № 76 бұйрығымен “ескерту” түрінде тәртіптік жазасы берілді, – делінген Атырау қалалық білім бөлімі ақпаратында.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Ал полиция қазір оқиғаға қатысты тиісті тексеру жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Атырау облысы полиция департаменті бөлімінің аға инспекторы Дина Мақсотованың сөзінше,
аталған факті бойынша полиция тарапынан тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаға қатысы бар тұлғалардан түсініктеме алынды.

Оқиғаның мән-жайын жан-жақты қарап, алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында Атырау облысының білім саласындағы сапаны қамтасыз ету департаментіне хат жолданып, бейнебақылау жүйесінің үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтасыз ету бойынша ұсынымдар берілді, – деді ол.

Ал әділдік іздеген Меруерт Ділмұхашева ұлын соққыға жыққандар тиісті жазасын арқаласын деп отыр.

Back to top button