$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Без рубрики

Астанада LRT маңындағы пәтерлер қымбаттап кетті

Астанада LRT станцияларына жақын орналасқан пәтерлердің бағасы басқа аудандармен салыстырғанда 10,5%-ға дейін көбірек өскен. Ұлттық банк елордадағы жеңіл рельсті көліктің тұрғын үй нарығына ықтимал әсерін зерттеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Зерттеуде Krisha.kz сайтында 2025 және 2026 жылдары жарияланған 566 хабарландыру пайдаланылған. Мамандар станцияларға жақын үйлердің бағасын LRT-дан 1,5–2 шақырым қашық орналасқан пәтерлермен салыстырған.

Ең жоғары өсім қай аумақта тіркелді

Бақылау тобымен салыстырғанда пәтер бағасының ең жоғары қосымша өсімі «Әуежай – Мәңгілік ел» учаскесінде байқалған. Бұл бағытта LRT станциясынан 300–700 метр қашық орналасқан үйлердің бағасы 8%-ға, ал 700–1000 метр жердегі пәтерлердің құны 10,5%-ға көбірек өскен.

«Жібек жолы – Нұрлы жол» учаскесінде станциядан 300–700 метр жердегі пәтерлердің қосымша қымбаттауы 6,5%-ды құрады. Ал 1000–1500 метр қашықтықтағы үйлердің бағасы бақылау тобымен салыстырғанда 5,3%-ға жоғары өскен. «Астана жұлдызы – Мыңжылдық аллеясы» аралығында да баспана бағасының өсуі тіркелді. Станциядан 300 метрге дейінгі аймақта пәтерлер 4,9%-ға, ал 1000–1500 метр қашықтықта 4,6%-ға көбірек қымбаттаған.

Нәтижені сақтықпен қабылдау керек

Ұлттық банк сарапшылары LRT өтетін барлық учаскеде бағаның өскенін анықтаған. Алайда станцияға дейінгі қашықтық пен баспана құнының өсуі арасында нақты әрі біркелкі байланыс байқалмаған. Зерттеуде тұрғын үйдің сипаттамасы мен орналасқан ауданы, сондай-ақ сауда және ойын-сауық орталықтарына, саябақтар мен жағалауға жақындығы ескерілген. Сарапшылардың пайымынша, LRT-ның ықпалы қаланың шалғай аудандарында көбірек сезілуі мүмкін. Себебі жаңа көлік желісі мұндай аумақтардың қолжетімділігін арттырады.

Дегенмен зерттеу небәрі 566 хабарландыруға негізделген. Оның үстіне есепте пәтерлердің нақты сатылған құны емес, хабарландыруда көрсетілген ұсыныс бағасы пайдаланылған. Сондықтан Ұлттық банк зерттеу нәтижесін сақтықпен түсіндіру қажет екенін ескертті.

Back to top button