Жаңалықтар

Астанада жүлде қоры 400 мың доллар болатын халықаралық Phygital Basketball турнирі өтеді

Матч екі кезеңнен тұрады.

Астанада 29 шілде мен 3 тамыз аралығында Phygital Basketball Presented by Halyk Fund халықаралық турнирі өтеді. Жарыс «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауымен ұйымдастырылатын «Болашақ ойындары – 2026» аясында өтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Phygital Basketball деген не?

Phygital Basketball – киберспорт пен дәстүрлі баскетболды біріктіретін инновациялық жарыс форматы.

Матч екі кезеңнен тұрады. Алдымен командалар 3×3 Freestyle цифрлық ойынында бақ сынаса, кейін нағыз баскетбол алаңына шығып өзара күш сынасады.

Бұл форматтың басты ерекшелігі – виртуалды кезеңде жиналған әрбір ұпай ойынның қорытынды нәтижесіне тікелей әсер етеді. Сондықтан жеңімпаз экран алдында да, баскетбол алаңында да үздік нәтиже көрсеткен команда болады.

Турнир қайда және қашан өтеді?

Жарыс 29 шілде мен 3 тамыз аралығында Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтеді.

Турнирде 16 үздік команда бақ сынайды. Жүлде қоры 400 мың АҚШ долларын құрайды.

Билеттерді қайдан сатып алуға болады?

Турнир билеттері сатылымға шыққан. Оларды Freedom Ticketon платформасы арқылы сатып алуға болады.

Back to top button