Астанада екі жасөспірім қыз биік үйден секіріп, көз жұмғаны жайлы ақпарат тарады
Астананың сол жағалауындағы көпқабатты үйлердің бірінде қайғылы оқиға болды. Әлеуметтік желілерде екі жасөспірім қыздың 13-қабаттан құлағаны туралы ақпарат тарады. Қалалық полиция департаменті суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға Әнет баба көшесінде болған
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, оқиға 9 қараша күні кешке Астананың сол жағалауындағы Әнет баба көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Threads қолданушылары екі жасөспірім қыздың 13-қабаттың терезесінен құлағанын жазды. Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар да әлеуметтік желілерде жарияланды. Кадрлардан тұрғын үй маңына бірнеше полиция көлігі мен жедел жәрдем бригадасының келгенін көруге болады.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Астана қалалық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Дегенмен полиция оқиғаның нақты мән-жайын, зардап шеккендердің санын және олардың жасын ашып айтпады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тараған екі жасөспірімнің қаза тапқаны туралы мәлімет те ресми түрде нақтыланбады.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Смотреть в Threads