Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған мерекелік шаралар мәресіне жетті. Жетпіс жылдық тарихын артқа тастаған шаһар мерейтойды өткенін ұлықтаумен ғана емес, бүгінгі жаңаруын көрсетумен қарсы алды. Кейінгі жылдары қалаға қомақты қаржы бағытталып, жол, теміржол, әуежай, жылу және әлеуметтік инфрақұрылым жаңғыртыла бастады. Қаланың экономикалық келешегін әртараптандыруға басымдық беріліп, ауыл шаруашылығы мен жаңа инвестициялық жобаларға жол ашылып отыр. Tizgin.kz Арқалыққа барып, халық мерекесін көріп қайтты.
Жетпіс жылдық шежіресі бар шаһар
Арқалықтың тарихы – Торғай даласының тағдырымен сабақтасып жатқан шежірелі тарих. Қала ХХ ғасырдың ортасында өндірістің ірі ошағы ретінде қалыптасып, уақыт өте Тобыл-Торғай өңірінің экономикалық және мәдени орталықтарының біріне айналған еді. Оның өркендеу кезеңі Торғай боксит кен басқармасының қызметімен тығыз байланысты болды, өндіріс қаланың тыныс-тіршілігіне серпін беріп, мыңдаған адамның тағдырын осы мекенмен байланыстырды. Алайда кен қорының сарқылуы Арқалық үшін жаңа сынақ әкеліп, бір кездері өндіріс қуатымен танылған қала моноқала ретінде күрделі кезеңді бастан өткерді. Соған қарамастан, Арқалық халқы туған жерін тастамай, қаланың тіршілігін сақтап қалды. Қала тарихының тағы бір маңызды қыры – оның ұлттық мәдениет пен руханияттың дамуына қосқан үлесі: мұнда театр, фольклорлық өнер мен ағартушылық дәстүр орнықты.

Сондықтан Арқалықтың жетпіс жылдығы – жай ғана күнтізбедегі мерейтой емес, талай буынның еңбегі мен елге деген адалдығы тоғысқан тарихи белес. Бүгінде сол тарихтың жаңа тарауы басталып, шаһар өндірістік өткенін сақтай отырып, көлік, ауыл шаруашылығы, инвестиция және мәдениет бағыттарында қайта түлеп келеді.
Мерейтой – тарих пен жаңарудың тоғысқан тұсы
Арқалықтың 70 жылдығына арналған мерекелік шаралар екі күн бойы қала тарихын ұлықтап, оның бүгінгі тынысын танытқан мазмұнды бағдарламамен өрілді. Мерейтой аясында қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып, қала және аудан өнерпаздарының қатысуымен «Арқалыққа сәлем!» концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Ұлттық өнер мен руханиятқа ерекше мән беріліп, Өзбекәлі Жәнібековті еске алу кеші, «Арқалықтың-ақ таңы» спектаклі және кезінде шаһармен тығыз байланыста болған «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті көрерменге жол тартты. Спорттық шаралар қатарында қазақ күресінен республикалық турнир өтіп, мерейтойдың екінші күнінде оның ақтық белдесулері ұйымдастырылды, ал ипподромда «Құнан», «Топ» және «Аламан» бәйгелері өткізілді.

Қаланың жетпіс жылдығына арналған «Жасампаз дәуірдегі жаңғырған қала» конференциясында Арқалықтың өткені, бүгінгі өзгерістері мен алдағы даму бағыттары кеңінен сөз болды. «Жігер» стадионында ХХХІХ облыстық спартакиаданың ашылуы өтіп, облыстың кіл мықты споршылары ең мықтыны анықтады. Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен «Арқалық – болашақтың қаласы!» гала-концерті жетіп, мерекелік отшашу мен би кеші қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Арқалықтың 70 жылдығы тарихи мұраны дәріптеген, ұлттық өнерді ұлықтаған және жаңарған қаланың болашаққа бағыт алғанын айшықтаған ауқымды мерекеге айналды.
Жолдар түйісетін, әуе қатынасы жанданатын жаңа Арқалық
Арқалықтың бүгінгі даму бағытын түсіну үшін алдымен оның географиялық және көлік мүмкіндігіне назар аудару қажет. Ұзақ уақыт бойы шалғай орналасуы қаланың экономикалық әлеуетін толық пайдалануға кедергі болған факторлардың бірі еді. Енді бұл жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Мерейтой қарсаңында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қаланың көлік инфрақұрылымындағы негізгі жобалардың барысына назар аударды.

Ол Арқалық–Жезқазған және Арқалық–Есіл бағыттарындағы жолдардың жаңартылуын өңірдің экономикалық байланысын күшейтетін маңызды қадам ретінде атады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әкімнің айтуынша, Арқалықтан Жезқазғанға дейінгі 309 шақырым жолдың Қостанай облысына тиесілі 71 шақырымы жөнделіп жатыр. Ал Арқалық–Есіл бағытындағы облыс аумағындағы жол толық жаңартылған. Бұл бағыттың іске қосылуы солтүстікке қарай қатынайтын көлік қозғалысын едәуір жеңілдетіп, жолды шамамен 500 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді.
Алайда Арқалықтың болашағы тек бар жолдарды жөндеумен шектелмейді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан «Орталық–Батыс» автожолы қаланы жаңа көлік дәліздерінің біріне айналдыруды көздейді. Бұл жол Арқалық пен Торғай арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығуға мүмкіндік береді. Әкім осы жобаның маңызын қарапайым, бірақ салмақты бір тіркеспен түйіндеді:
«Жол – экономиканың тамыры. Көлік қатынасын дамытпай, ел экономикасын көтеру мүмкін емес», – дейді ол.
Бұл ұстанымның Арқалық үшін маңызы ерекше. Себебі көлік қолжетімділігі артқан сайын қалаға келетін инвестицияның, сауда мен қызмет көрсету саласының да әлеуеті өседі. Жаңа қонақүйлер, дәмханалар, сауда орындары мен жол бойындағы сервис нысандарының пайда болуы да осы логистикалық өзгерістің жалғасы болуы мүмкін.
Қаланың көлік жүйесіндегі тағы бір маңызды нысан – жаңғыртылған теміржол вокзалы. 1972 жылы салынған вокзалдың ғимараты толық жаңартылып, аумағы 1772 шаршы метрден 2400 шаршы метрге дейін ұлғайды. Инженерлік желілер жаңартылып, вокзал маңы абаттандырылды. Сонымен қатар жаңа вагондардан құралған «Нұрлы жол – Арқалық» жолаушылар пойызы іске қосылды.

“Қаланың 70-жылдық мерейтойында жаңарған, заманауи теміржол вокзалы өз есігін айқара ашты. Бұл тек инфрақұрылымдық жоба емес, бұл Арқалықтың қайта түлеуінің, Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту саясатының жарқын көрінісі! Арқалық – әрқашан еліміздің өндірістік әлеуетінің тірегі, рухы биік замандастарымыздың мекені болған. Бүгін біз қаламыздың жаңа даму кезеңіне қадам басып отырмыз. Өңірдің көлік инфрақұрылымын модернизациялау – ең алдымен халыққа сапалы, жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсету үшін жүзеге асырылды”, – деді Құмар Ақсақалов.
Яғни Арқалықтың 70 жылдық мерейтойы қаладағы инфрақұрылымдық жаңарудың символына айналған нысандардың ашылуымен тұспа-тұс келді.
Әуежай мен инвестиция: Арқалық экономикасы қай бағытқа бет алады
Арқалықтың көлік мүмкіндігін кеңейтетін келесі маңызды жоба – әуежай. Бұрынғы әуежай инфрақұрылымын қалпына келтіру жөніндегі жұмыс қаланың өңірлік маңызын арттыруға бағытталған.

Жоба іске қосылған кезде Астана, Алматы және Қостанай бағыттарында әуе қатынасын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Әуежайда 140-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Құмар Ақсақалов мерейтой алдындағы сөзінде Арқалықтың автожол, теміржол және әуе қатынасын біріктіретін көлік торабы ретінде қалыптасу мүмкіндігіне тоқталды. Бұл жерде мәселе бір ғана әуежайды қалпына келтіруде емес. Әуе қатынасының пайда болуы шалғай өңірдің іскерлік және әлеуметтік байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік беретін қосымша арна қалыптастырады.
«Арқалықтың автожол, теміржол және әуе торабы ретінде қайта өрлеуі – аймақтың ғана емес, тұтас еліміздің логистикалық әлеуетін күшейтеді», – деді облыс әкімі.
Қаланың жаңаруы тек жол мен ғимараттардан көрінбейді. Соңғы жылдары Арқалыққа 100 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның шамамен 70 пайызы – жеке инвестициялар. Бұл көрсеткіш қала экономикасының бір ғана мемлекеттік қаржыға тәуелді болмай, жеке капитал үшін де қызықты бола бастағанын аңғартады.
Арқалықтың бұрынғы экономикалық бейнесі негізінен Торғай боксит кен басқармасымен байланысты болды. Кен қорының сарқылуы нәтижесінде кәсіпорынның тоқтауы моноқала үшін елеулі сынаққа айналды. Сондықтан қазіргі негізгі міндет – бұрынғы өндірістік модельді қайта жаңғырту емес, экономиканы жаңа бағыттарға бейімдеу. Бұл тұрғыда агроөнеркәсіп кешені негізгі басымдықтардың біріне айналып отыр. Өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Әсіресе мал шаруашылығына ерекше мән берілуде. Торғай өңірінде асыл тұқымды мал сатып алуға арналған жеңілдетілген бағдарламалар іске қосылып, субсидиялау мен кепілдік беру тетіктері қарастырылған. Бұл ретте Арқалықтың өзін ет пен теріні қайта өңдейтін орталыққа айналдыру идеясы да айтылды.
“Қандай да бір жоба мен экономикалық көрсеткіштің артында ең алдымен сол елдің адамдары тұрады. Қиын-қыстау кезеңдерде еңсесін түсірмей, ата-баба мекенінде қалып, туған жерді сақтап қалған, осы қаланың түтінін түзу ұшырған сіздерге – Арқалық халқына ерекше алғысымды білдіремін! Сондай қиындықта ешқайда көшпей, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адалдықты сақтап, қаланың бүгінгі жаңаруына жол ашқандарыңыз үшін сіздерге рахмет! Сіздердің еңбектеріңіз бен туған жерге деген сезімдеріңіз – бұл қаланың ең үлкен мақтанышы. Арқалықтың 70 жылдығы – бұл тек өткенге салауат айту емес, бұл жарқын болашаққа жасалған сенімді қадам. Алда бізді үлкен асулар мен жаңа жобалар күтіп тұр”, – дейді әкім Құмар Ақсақалов.
Демек, қаланың жаңа экономикалық моделі бір ғана салаға сүйенбейді. Ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, энергетика, логистика және қызмет көрсету бағыттарының қатар дамуы Арқалықты бұрынғы моноқала сипатының шеңберінен шығаруға мүмкіндік береді.
«Шертердің» қайта оралуы: Арқалықтың мәдени жадын жаңғыртқан сәт
Арқалықтың 70 жылдық мерейтойы экономикалық және инфрақұрылымдық жобалармен ғана шектелген жоқ. Мерейтой бағдарламасының ең мәнді мәдени оқиғаларының бірі – кезінде Торғай өңірінің рухани өмірінде өзіндік орны болған «Шертер» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің қайта сахнаға шығуы.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бұл оқиғаны жай ғана шығармашылық ұжымның қайта құрылуы деп бағалауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, «Шертердің» қайта түлеуі – ұлттық өнердің сабақтастығын қалпына келтірудің көрінісі.

«Қазақта “өлгенің тірілді, өшкенің жанды” деген аталы сөз бар. Мұны бүгін “Шертер” ансамбліне қарата айтуға болады. Ұлттық өнерді сақтау – өткенге құрмет қана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік», – деді Бақытжан Нарымбетов.
Ансамбльдің тарихында Өзбекәлі Жәнібековтің орны ерекше. Тарихшы әрі этнограф, мемлекет және қоғам қайраткері ұлттық мәдениетті жаңғыртуға ғұмырын арнаған тұлғалардың бірі болды. Оның қызметі музей ісінен бастап ұлттық музыка, театр, дәстүрлі өнер мен тарихи мұраны сақтау бағыттарына дейін қамтыды.
«Шертердің» тарихы да осы мәдени жаңғыру кезеңімен астасып жатыр. Тарихи деректерде ансамбльдің ұлттық музыкалық аспаптарда орындалатын шығармаларымен ерекшеленгені, ал Өзбекәлі Жәнібековтің ұжымның кәсіби тұрғыда қалыптасуына қолдау көрсеткені айтылады. Ансамбльдің Арқалықтағы Торғай облыстық филармониясы құрамында өнер көрсеткен музыканттары да қайраткердің қамқорлығын еске алған.
Өзбекәлі Жәнібековтің Арқалыққа сіңірген еңбегі «Шертермен» ғана шектелмейді. Деректерде оның қалада қазақ кәсіби театрының қалыптасуына да қолдау көрсеткені жазылған. Театр актерлеріне жағдай жасауға араласқаны, мәдениет саласының мамандарына қамқорлық танытқаны туралы естеліктер сақталған. Сондықтан мерейтой кезінде «Шертердің» қайта сахнаға шығуы – кездейсоқ таңдау емес. Бұл Арқалықтың өзінің мәдени тарихына қайта үңілуі, кезінде қалыптасқан дәстүрдің үзіліп қалмауының белгісі. Арқалыққа осындай шараға арнайы келген Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов Арқалыққа арнайы делегацияларымен келгенін айтты.

“Өзбекәлі Жәнібеков атамыздың осы Арқалық жерінде сіңірген еңбегі, жасаған қызметтері жайлы әріптестері сыр шертті. Мемлекет және қоғам қайраткерінің осы өңірдің мәдениеті мен руханиятына сіңірген еңбегі аталды. Арқалық қаласы дами берсін, көркейе берсін. Арқалық қаласы, Торғай даласы дамыған үлкен өңір болып қалыптаса берсін”, – деген Әліпов қалаға Тайқазанның макеті сыйға тартылғанын айтты.
Бүгінде жаңғырған ансамбль Қостанай облыстық филармониясының құрамынан орын алып, шығармашылық жұмысын жалғастыру үшін облыстық бюджеттен қаржы және 13 штаттық бірлік бөлінді. Ал оның алдағы шетелдік өнер сапары ансамбльдің жаңа кезеңін бастайтын маңызды қадам болмақ.
Осы тұрғыдан алғанда, Арқалықтың 70 жылдығы қаланың материалдық инфрақұрылымын ғана емес, рухани инфрақұрылымын да қайта түгендеген мерейтой болды.
Жетпіс жылдық тарихтан жаңа белеске
Қалада сонымен қатар, медицина саласында да жетістіктер баршылық. Арқалық ауруханасының директоры Нұрлыбек Ізетов ауруханаға жаңа аппараттар қойылатынын мәлім етті. Сөзінше, сол аппараттар қойылатын ғимараттың құрылысы қызу түрде жүргізіліп жатыр.

“Бастысы, енді Арқалықта кардиологиялық, нейрохирургиялық оталар жүргізіледі. Бұрын біз жүрек инфарктына ұшыраған адамдарды санавиациямен Қостанайға апарып жүрсек, енді осы оталар Арқалықта жасалады. Біз Амангелді, Жангелді сынды аудандарға, қала тұрғындарына қызмет көрсетеміз. Жалпы 256 төсек орыны бар. Аурудың қазір жасарып жатқан уақыты. Сондай жағдайда қаламызға жаңа аппараттардың келіп жатқаны үлкен қадам болды”, – дейді ол.
Сонымен қатар Арқалықта перзентхана жөндеуден өткізіліп жатыр. Жыл басынан бері қалада 286 сәби өмірге келген.
Екі күнге созылған мерекелік бағдарлама Арқалықтың өткенін еске алумен қатар, қаланың қазіргі тынысын да көрсетті. Жаңарған теміржол вокзалы, салынып жатқан әуежай, жол жобалары, жаңа инвестициялар, әлеуметтік нысандардың жаңғыруы – мұның бәрі қаланың жаңа даму кезеңіне бет алғанын аңғартады.

Соңғы жылдары жылу желілерінің тозуын төмендету, ауызсу инфрақұрылымын жаңарту, тұрғын үйлер мен көшелерді ретке келтіру жұмыстары да жүргізілді. Білім беру мен денсаулық сақтау саласында жаңа жобалар қолға алынып, Арқалық ауруханасын көпбейінді өңіраралық орталыққа айналдыру, медициналық колледжді жаңғырту және оңалту орталығын ашу жоспарланған.

Қала экономикасының болашағы да біртіндеп жаңа арнаға түсіп келеді. Инвестиция тарту, агроөнеркәсіпті дамыту, мал шаруашылығын күшейту, қайта өңдеу өндірістерін жолға қою және баламалы энергетиканы дамыту – Арқалықтың алдағы кезеңдегі негізгі бағыттарының қатарында.
Ал мерейтойдың соңғы аккорды спорттық сипатта өрбіді. Үш күнге созылған ауқымды іс-шаралар Қостанай облысының XXXIX жазғы спартакиадасының жабылу салтанатымен қорытындыланды. Бұған дейін қалада қазақ күресінен республикалық турнир өтіп, ұлттық ат спортының «Құнан», «Топ» және «Аламан» бәйгелері ұйымдастырылды.

Арқалықтың 70 жылдығы осылайша бір ғана мерейтойлық дата ретінде емес, қаланың өткенін бағамдап, бүгінгі мүмкіндігін таразылап, ертеңгі бағытын айқындаған кезең ретінде есте қалды. Оның алдында тұрған міндет көп: экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция көлемін арттыру, көлік қатынасын жақсарту және адамға қолайлы қала қалыптастыру.


Жетпіс жылдық тарихтың ең маңызды сабағы да осында. Қаланың тағдырын ғимараттар мен жолдар ғана емес, туған жерінде қалуды таңдаған, оның болашағына сенген адамдар айқындайды. Ал Арқалықтың бүгінгі жаңаруы сол сенімді нақты жобалармен бекемдеуге бағытталған.
Екі күн бойы тойланған мерейтойдың шамдары сөнгенімен, қала алдындағы жаңа кезең енді басталып отыр.