
Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ) белсенді қатысуын қайта жандандыруға бағытталған қадамдар жасамайды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді, деп хабарлайды NewsArmenia.
«Өздеріңіз білетіндей, Армения Республикасының ҰҚШҰ-дағы мүшелігі уақытша тоқтатылған. Белсенді қатысуға қайта оралу бойынша ешқандай қадам жасалмайды. Бұл біздің сайлауалды бағдарламамызда бекітілген», – деді Никол Пашинян өзінің «Азаматтық келісім» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыру барысында.
Арменияда парламенттік сайлау биыл 7 маусымға жоспарланған.
2024 жылдың ақпан айында Армения ҰҚШҰ-дағы мүшелігін тоқтатқанын жариялап, мүшелік жарналарды төлеуден бас тартты. Никол Пашинян ұйым Армения алдындағы қорғаныс міндеттемелерін орындамағанын, соның ішінде 2021-2022 жылдары Әзербайжанмен болған қарулы қақтығыс кезінде әрекет етпегенін айтты. Оның сөзінше, бұл елдің қауіпсіздігі мен егемендігіне қауіп төндірген.
Армения сыртқы істер министрлігі ҰҚШҰ-дағы мүшелікке қатысты түпкілікті шешім әріптес елдер Армения аумағындағы Әзербайжан әрекеттеріне байланысты саяси мәлімдеме жасамаған жағдайда қабылданатынын мәлімдеген.
Ал ҰҚШҰ тарапынан Ереванға қабылданып жатқан шешімдер туралы ақпарат беріліп отырғаны айтылды. Ресей президенті Владимир Путин Армения ұйым мүшесі болып қала отырып, оның шешімдерін қолдайтынын, алайда отырыстарға қатыспайтынын хабарлаған.