Арман Жүдебаев: Ұлт мәдениеті күнделікті әдептен басталады

Қазақстанның мемлекеттік қайраткері Арман Жүдебаев қоғамдағы қарым-қатынас мәдениеті, қазақы әдеп және ұлттық құндылықтардың маңызы туралы ойын білдірді. Оның айтуынша, ұлттың мәдениеті ең алдымен адамның күнделікті мінез-құлқынан, өзгеге деген құрметі мен ізетінен көрінеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақ пейіл – ұлттық болмыстың өзегі
Арман Жүдебаевтың пікірінше, қазақ халқының дүниетанымында ақ пейіл ұғымы ерекше орын алады. Бұл – тек адамның таза ниеті ғана емес, айналасына деген құрметі мен ізетінің күнделікті өмірдегі көрінісі.
Ол адамның амандасуынан, сөйлеу мәдениетінен, үлкенге көрсеткен құрметі мен кішіге білдірген ізетінен, сондай-ақ өзгенің қадір-қасиеті мен жеке кеңістігін сыйлай білуінен байқалады.
«Мәдениет музейден де, кітапханадан да бұрын әр адамның мінез-құлқынан басталады деп ойлаймын», – дейді Арман Жүдебаев.
Мемлекеттік қайраткердің айтуынша, жылы сөз айту, алғыс білдіру, орын беру, жөн-жоралғыны сақтау – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтарының ажырамас бөлігі.
Әсіресе, қазақ халқы сәлемдесу әдебіне айрықша мән берген. «Сәлем – сөздің анасы» деген нақылдың өзі амандасудың қоғамдағы орны мен маңызын айқын көрсетеді. Оның сөзінше, әр халықтың өзіндік сәлемдесу мәдениеті болады. Бұл – жай ғана күнделікті әрекет емес, ұлттың дүниетанымы мен тәрбиесін танытатын маңызды мәдени белгі.
Қазақы әдеп пен жеке кеңістік
Арман Жүдебаев қазақ үшін амандасу ең алдымен құрметтің белгісі екенін атап өтті. Қолды жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкум!», «Сәлеметсіз бе?» деп ізет білдіру – сыртқы рәсім ғана емес, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Сонымен қатар ол соңғы жылдары халқымыздың болмысына жат кейбір қарым-қатынас үлгілері белең алып бара жатқанына назар аударды.
Әсіресе, бір-бірін жақын танымайтын адамдардың құшақтасып немесе беттен сүйіп амандасуы қазақы әдеп пен ұлттық танымға толық сәйкес келе бермейтінін айтты.
Әдеп – адамның шекарасын құрметтеу
Арман Жүдебаевтың пікірінше, әдеп тек сыпайылықпен шектелмейді.
“Ол – адамның жеке кеңістігін сезіну, өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу. Амандасу мәдениеті де осы ұстанымнан бастау алуы тиіс. Әрбір адам – бір әулеттің перзенті, біреудің жары, анасы, әкесі, бауыры. Оған құрметпен қарау – өз мәдениетімізге деген құрмет», – деді ол.
Өзгені құрметтеу – өз болмысыңнан бас тарту емес
Мемлекеттік қайраткер бұл пікірді өзге мәдениеттерге қарсы көзқарас ретінде қабылдамауға шақырды. Оның сөзінше, әр халықтың өзіне тән әдебі мен мәдени ерекшелігі бар. Өзгені құрметтеу – өз ұлттық болмысыңнан бас тарту деген сөз емес. Керісінше, әлемнің байлығы әр ұлттың өз ерекшелігін сақтай білуінде. Өнер жолындағы тәжірибесіне сүйенген Арман Жүдебаев ұлттық ерекшелікті оркестрмен салыстырды. Оның айтуынша, оркестрдегі әр аспаптың өз үні бар. Домбыра қобыздың үнін қайталамайды, қобыз сыбызғының орнын баспайды. Әрқайсысы өз табиғаты мен бояуын сақтағанда ғана үйлесімді әуен дүниеге келеді.
Сол секілді халықтар арасындағы жарасым да әр ұлттың өз мәдени үнін, өз ерекшелігін сақтай білуінен басталады.
Ұлт мәдениеті күнделікті өмірден басталады
Арман Жүдебаев ұлттың мәдениеті тек үлкен мерекелерде немесе салтанатты жиындарда емес, күнделікті қарапайым қарым-қатынаста көрінетінін айтты.
Оның пікірінше, ақ пейіл, ізет, амандасу мәдениеті және бір-біріне деген сыйластық сақталған жерде ата-бабадан қалған рухани мұра да өз өміршеңдігін жоғалтпайды.
«Жүрегімізден ақ пейіл, сөзімізден ізгілік, ісімізден құрмет арылмасын. Баршаңызға амандық, береке және өзара сыйластық тілеймін», – деп түйіндеді Арман Жүдебаев.