Арайлым Шегенова Қазақстанға кураштан тарихи медаль әкелді
29 жастағы Арайлым Шегенова кураш күресінен 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл – Қазақстан әйелдер құрамасының кураштан Азия ойындарында жеңіп алған тарихтағы алғашқы медалі.
Шегенова жарыс барысында екі кездесуінде жеңіске жетті. Алайда жартылай финалда қарсыласына есе жіберді.
Жарыс регламентіне сәйкес, үшінші орын үшін белдесу өткізілмейді. Сондықтан Арайлым Шегенова қола жүлдеге ие болды.
Бұл медаль Қазақстан әйелдер құрамасы үшін тарихи нәтиже саналады. Бұған дейін қазақстандық әйелдер кураштан Азия ойындарында жүлде алмаған.
Сондай-ақ сейсенбі күні Альбина Бахиева (87 келіден жоғары), Нұр Аманшүкіров пен Болат Біләл (екеуі де 66 келіге дейінгі салмақта) жарыс жолына шықты. Алайда олар жүлдегерлер қатарына ене алмады.