Ақтөбе облысында банкетке қатысқан 100-ден астам қонақ ауруханаға түсті
Науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Ақтөбе облысында мейрамханаға барғаннан кейін 100-ден астам адам ішек инфекциясының белгілерімен медициналық көмекке жүгінген. Бұл ақпаратты өңірдің денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Науқастар клиникаға 19 маусымнан бастап түсе бастаған. Олардың барлығы Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен банкетке қатысқан. Басқарма мәліметінше, мамандар эпидемиологиялық тергеу жүргізіп жатыр.
«19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық және облыстық клиникалық инфекциялық ауруханаларға ішек инфекциясы белгілерімен 102 науқас жатқызылды. Олардың 34-інде сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелді. Жағдай тұрақты бақылауда», – деп жазылған хабарламада.
Науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Мамандар байланыста болған адамдарды анықтап жатыр, медициналық ұйымдарға шұғыл хабарламалар жіберілген. Дәрігерлер бактериологиялық зерттеу үшін материалдар алған. Үйлестіру жұмыстарын жүргізу үшін жедел штаб құрылып, ауданға қосымша бригадалар жіберілді.
Басқарма әлеуметтік желілерде тараған науқастарды дәліздерге орналастырды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Мамандар тағам мен қоршаған орта объектілерінен сынамалар алған. Тексеру кезеңінде мейрамхана уақытша жабылды.
Сальмонеллез – жедел жұқпалы ішек ауруы. Ол Salmonella бактериясымен ластанған тағамды тұтыну кезінде пайда болады. Негізгі жұқтыру көздеріне дұрыс пісірілмеген немесе сақталмаған ет, құс еті, жұмыртқа және сүт өнімдері жатады.