АҚШ-та К дәрумені екпесінен бас тартудың салдарынан нәрестелер өлімі көбейіп барады
АҚШ-та жаңа туған нәрестелеріне К дәрумені екпесін салдырудан бас тартатын ата-аналар саны екі есе өсті. Ғалымдар мұндай шешім сәбилердің өміріне қауіп төндіріп, ауыр қан кету мен өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
JAMA медициналық журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, 2017 жылы К дәрумені екпесінен бас тартқан ата-аналардың үлесі 3,1% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 6,8%-ға жеткен.
Ғалымдар екпе алмаған нәрестелердің миына және асқазан-ішек жолдарына қан кету қаупі айтарлықтай жоғары екенін анықтады. Мұндай сәбилердің қан кету салдарынан босанғаннан кейін ауруханада жатқан кезінде қайтыс болу ықтималдығы да екі еседен астам жоғары.
«Кейбір ата-аналар табиғи емдеу жолдарын таңдағандықтан, екпеден бас тартады. Олар екпе баласына пайда әкелмейді, ағзасына зиян тигізеді немесе аллергия тудырады деп қорқады», – дейді зерттеу авторы, Филадельфия балалар ауруханасының маманы Кевин Дайсарт.
Зерттеу барысында АҚШ-тың барлық 50 штатындағы 5,2 миллион нәрестенің денсаулығына қатысты деректер қаралған. Нәтижесінде К дәрумені екпесін алмаған әрбір 114 нәрестенің бірінде алғашқы алты айда қан кету жағдайы кездесетіні анықталған.
Айта кетейік, К дәрумені қанның ұюына көмектеседі. Ол жетіспеген жағдайда нәрестенің ағзасында қан кету пайда болып, жүйке жүйесі зақымдануы мүмкін. АҚШ-та мұндай асқынулардың алдын алу үшін жаңа туған сәбилерге К дәруменін егу тәжірибесі 1961 жылдан бері қолданылып келеді.