АҚШ Қазақстанға қосымша кедендік баж салығын енгізді

АҚШ Қазақстаннан импортталатын тауарларға қосымша 12,5% кедендік баж салығын енгізді. Жаңа тариф 24 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл шешім Қазақстанмен қатар тағы 59 елге қатысты қабылданды. АҚШ билігінің түсіндіруінше, жаңа шара Вашингтонның бағалауынша, бірқатар мемлекеттердің мәжбүрлі еңбекпен өндірілген өнімдердің импортына тыйымды мүлде енгізбегеніне немесе оны жеткілікті деңгейде орындамай отырғанына байланысты қабылданған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстанға нақты қандай талап қойылды
Қазақстанға ең жоғары қосымша мөлшерлемелердің бірі белгіленді. Алайда АҚШ-тың ресми құжаттарында мәжбүрлі еңбек қазақстандық кәсіпорындарда қолданылады деген мәлімет жоқ. Сондай-ақ нақты бір компанияға немесе өнім жеткізушіге қатысты айып тағылмаған.
Америкалық тараптың ескертулері Қазақстан аумағына мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың әкелінуін бақылау жүйесіне қатысты айтылған.
Қазақстаннан бөлек, АҚШ-тың ондаған сауда серіктесіне де қосымша тарифтер енгізілді. Ұлыбритания, Үндістан, Канада, Мексика және Пәкістан үшін қосымша баж салығы 10% көлемінде белгіленді. Ал мәжбүрлі еңбекпен өндірілген өнімдерге шектеу енгізген немесе мұндай міндеттемені сауда келісімдері аясында қабылдаған елдерге жеңілдетілген талаптар қолданылды.
АҚШ-тың Сауда өкілі Джеймисон Грир америкалық заңнамада мәжбүрлі еңбекпен өндірілген өнімдерді импорттауға көп жылдан бері тыйым салынғанын айтып, Вашингтон өз сауда серіктестерінен де осындай талаптарды күтетінін мәлімдеді.
Қандай тауарларға жаңа тариф қолданылмайды
Жаңа тарифтер АҚШ-қа импортталатын тауарлардың басым бөлігіне қатысты болғанымен, бірқатар өнімдер бұл талаптан босатылған.
Қосымша баж салығы мұнайдың, газдың және мұнай өнімдерінің кейбір түрлеріне, тыңайтқыштарға, жекелеген азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, АҚШ ішкі нарығында жеткіліксіз шикізат пен минералдарға қолданылмайды.
Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікке байланысты бұрыннан арнайы баж салығы салынатын тауарлар, гуманитарлық жүктер, жеке жолаушылардың багажы, азаматтық авиация өнімдері мен ақпараттық материалдар да бұл тізімге кірмейді.
Бұдан бөлек, жаңа ереже күшіне енгенге дейін АҚШ-қа жөнелтілген тауарлар кедендік рәсімдеу белгіленген мерзімде аяқталса, қосымша төлемнен босатылады.
Қазақстанға әсері қандай
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі бұған дейін АҚШ енгізген жаңа баж салығының отандық экспортқа әсері шектеулі болатынын мәлімдеген. Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын негізгі тауарлары жаңа тариф қолданылмайтын ерекшеліктер тізіміне енгізілген.
Айта кетейік, Вашингтон бұл шешімді қабылдамас бұрын көктемде АҚШ-тың 60 сауда серіктесіне қатысты тексеру жүргізген. Оның барысында елдердің мәжбүрлі еңбекпен өндірілген өнімдердің импортына бақылауды қаншалықты тиімді жүзеге асыратыны бағаланған.
Вашингтондағы келіссөздер кезінде қазақстандық делегация ұлттық заңнамада мәжбүрлі еңбекке тыйым салынғанын, бұл бағытта тексерулер жүргізілетінін әрі мұндай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын мәлімдеген.