АҚШ грин-картаға өтініш қабылдауды қайта бастайды
АҚШ-та грин-карта лотереясына өтініш қабылдауды қайта бастауға қатысты сот шешімі шыққаны хабарланды. Бұл туралы журналист, саяхатшы Руслан Меделбек өзінің Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Соттағы дау
Руслан Меделбектің мәліметінше, АҚШ федералдық соты грин-карта лотереясына өтініш қабылдауды тоқтату туралы шешімге қатысты істі қарап, талапкерлердің пайдасына үкім шығарған.
2025 жылы АҚШ-тың ішкі істер министрлігі Трамптың бұйрығынан соң грин-карта қабылдауды тоқтатып тастаған. Кейін елдегі иммиграциялық заң фирмасы сотқа шағымданып, жеңіске жетті. Яғни, Трамп әкімшілігінің шешімі заңға қайшы деген.
Грин-картаға өтініш қабылдау қашан басталады
Сонымен АҚШ мемлекеттік департаменті грин-картаға өтінішті 18 қазанға дейін бастауы тиіс, ал 19 қарашаға дейін шешім шығаруы керек. Сот шешімі сондай.
Грин-карта – шетел азаматтарына АҚШ аумағында тұрақты тұруға және заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжат.
АҚШ үкіметі жыл сайын Diversity Visa бағдарламасы аясында әртүрлі елдердің азаматтарына иммиграциялық визалар бөледі. Бағдарлама арқылы жылына 55 мыңға дейін виза қарастырылғанымен, нақты берілетін визалар саны белгіленген талаптар мен шектеулерге байланысты өзгеруі мүмкін.
Қазақстан азаматтары да бағдарлама талаптарына сәйкес келген жағдайда лотереяға қатыса алады.
Грин-карта лотереясына өтініш беру тегін. Тіркеу тек АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми сайты – dvprogram.state.gov арқылы жүргізіледі.