Оқиға

Ақмола облысында кене шаққан жігіт жансақтау бөліміне түсті

Ақмола облысында кене шаққан жасөспірім балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды «Жетінші арна».

Дәрігерлер оған кене энцефалиті диагнозын қойған.

Телеарнаға дәрігерлер кене 17 жастағы студентті 16 мамыр күні шаққанын хабарлаған. Алайда жігіттің отбасы бұл туралы ешкімге хабар бермеген. Қазір жасөспірімнің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Дәрігерлер асқынып кеткен инфекцияның ауыр салдарын болдырмауға тырысуда.

«Кене шаққаннан кейін ешқандай симптом болмауы мүмкін. Адам өзін ауырмадым деп ойлайды. Әдетте алғашқы белгілер 7-10 күннен кейін пайда болады. Вирусты кене энцефалитінің асқынулары әртүрлі болады, ол орталық жүйке жүйесіне – ми мен жұлынға әсер етеді. Оның салдары қайтымсыз болуы мүмкін», – деді облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Ербол Жұмағалиев.

Дәрігерлердің мәліметінше, Ақмола облысында қауіпті жәндіктердің шағуынан шамамен 500 адам зардап шеккен. Олардың үшеуінен кене энцефалиті расталған. Олар Бурабай және Сандықтау аудандарының тұрғындары. Қазір науқастар қажетті ем-дом қабылдап жатыр.

Back to top button