TOP-2Қоғам

Аңыздан айқын фактқа дейін: сарапшы ядролық технологиялардың қауіпсіздігі жөнінде не дейді

Атом энергетикасы Қазақстандағы ең көп талқыланатын тақырыптың бірі болып қала отыр. Бұл салаға қоғам көбірек назар аударады әрі ең алдымен, қауіпсіздікке қатысты көп сұрақ қояды. Ядролық физика институтының қауіпсіздік мәселелері зертханаларының меңгерушісі Әсет Шаймерденов ядролық қауіпсіздіктің заманға сай стандарттары, институттың қызметі және салада қолданылатын технологиялар туралы әңгімелеп берді. Сұхбат барысында ол қауіптерді барынша азайтуға мүмкіндік беретін шаралар жөнінде кеңірек айтып берді.

– ВВР-К зерттеу реакторы мен критикалық стенд Қазақстандағы болашақ атом электр станциялары үшін кадр даярлауда қандай рөл атқара алады? Неліктен дәл осы нысандар атом саласының болашақ мамандарын даярлаудың негізгі базасы болып саналады?

– Қазақстанда атом энергетикасы қарқынды түрде дамып келеді. Мұндай жағдайда Ядролық физика институтының зерттеу мақсатындағы ядролық қондырғылары – ВВР-К зерттеу реакторы мен критикалық стенд атом саласы үшін жоғары білікті ұлттық кадрлар даярлау жүйесін қалыптастыруда зор әлеуетке ие. Бұған олардың әлемде кеңінен қолданылатын энергетикалық реакторлардың түрлеріне жақын конструкциялық ерекшеліктері, сондай-ақ еліміздегі осындай санаттағы жалғыз зерттеу ядролық қондырғылары болуы мүмкіндік береді.

Білім беру үдерісін ұйымдастыру тұрғысынан ең тиімді алаң – критикалық стенд. Ол нөл шегіндегі қуатты реактор болғандықтан, пайдалануға қарапайым әрі үнемді. Сонымен қатар оның базасында оқу сабақтарын өткізу өзге ғылыми және тәжірибелік жұмыстардың орындалуына кедергі келтірмейді. Бұған қоса, халықаралық тәжірибе критикалық стендтердің негізгі міндеттерінің бірі кадр даярлау екенін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда бірқатар мемлекет өздерінің ұлттық ядролық бағдарламаларын кадрлық қамтамасыз ету мақсатында осындай қондырғыларды салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Критикалық стендтің тағы бір маңызды артықшылығы – оны пайдалану шығындарының өте төмен болуы. Мұнда ядролық отынның жануы іс жүзінде болмайды, жылутасымалдағыштың айналым жүйесін ұйымдастыру қажет емес, ал қондырғының өзі толықтай білікті мамандармен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар ВВР-К зерттеу реакторы мамандарды тәжірибелік даярлау үшін әлдеқайда кең мүмкіндіктер ұсынады. Себебі ол жылу-техникалық жүйелердің жұмысын қоса алғанда, ядролық реакторды пайдаланудың толық циклін зерделеуге мүмкіндік береді. Бұл оны инженерлік кадрларды даярлауда таптырмас құралға айналдырады. Дегенмен ВВР-К – бір мезгілде ғылыми зерттеулер, сынақтар және сәулелендіру бағдарламалары жүргізілетін көпмақсатты зерттеу қондырғысы. Сондықтан оны білім беру үдерісінде пайдалану мұқият жоспарлау мен үйлестіруді талап етеді.

Ең тиімді шешім – оқу үдерісін осы екі қондырғының базасында біріктіре ұйымдастыру. Мұндай тәсіл мамандандырылған оқу алаңы ретіндегі критикалық стендтің артықшылықтарын және зерттеу реакторын пайдаланудың толық технологиялық циклін тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік беретін ВВР-К реакторының мүмкіндіктерін өзара ұштастырады. Екі қондырғының әлеуетін қатар пайдалану синергиялық әсер беріп, Қазақстанда дамып келе жатқан атом саласы үшін тәжірибеге бағытталған мамандар даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыруға жол ашады.

Айта кету керек, бүгінде ВВР-К зерттеу реакторының базасында кадр даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоғары оқу орындарының студенттері мұнда өндірістік тәжірибеден өтіп, дипломдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындайды. Келесі маңызды қадам – Ядролық физика институтының екі зерттеу ядролық қондырғысының әлеуетін барынша тиімді пайдаланатын, мамандар даярлаудың бірыңғай әрі жүйелі бағдарламасын қалыптастыру.

– Мұнда қандай біліктілік санаттары мен құзыреттер алдағы жылдары Қазақстан үшін ерекше маңызды болмақ?

– Болашақ атом электр станциялары үшін негізгі мамандарды – реакторды басқару инженерлерін, реактор қондырғысын бақылау жөніндегі физиктерді, сондай-ақ ауысым бастықтарын даярлау мақсатында критикалық стендті пайдалану ең тиімді шешім. Дәл осы критикалық стендте олар уран ядроларының бөлінуінің тізбекті реакциясын басқарудың іргелі тәжірибелік дағдыларын меңгеріп, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, реактивтілікті бақылау, физикалық іске қосу жұмыстарын жүргізу және реактор қондырғысының жай-күйі өзгерген жағдайда жедел шешім қабылдау қағидаларын игере алады.

Сонымен қатар критикалық стендтің білім беру мүмкіндіктері реакторды пайдалану мамандарын даярлаумен ғана шектелмейді. Оны пайдалану реакторлық физика, ядролық қауіпсіздік, қауіпсіздік мәдениеті, пайдалану режимдерін талдау және ядролық материалдармен жұмыс істеу салаларында кең ауқымды кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл оны ұлттық атом саласы үшін кадр даярлау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналдырады.

Ал ВВР-К зерттеу реакторы жұмыс істеп тұрған зерттеу ядролық қондырғысын пайдалану тәжірибесіне қатысты практикалық құзыреттерді игеруге мүмкіндік береді. Оның базасында студенттер мен жас мамандар реактор жұмысының толық технологиялық циклін – іске қосудан бастап қуатқа шығаруды, жылутехникалық жүйелердің жұмысын, белсенді аймақты салқындатуды, радиациялық бақылауды, тәжірибелік құрылғылармен жұмыс істеуді, сәулелендіру жұмыстарын жүргізуді, жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуді, сондай-ақ пайдалану құжаттамасы мен сапаны қамтамасыз ету жүйесіне қойылатын талаптарды жан-жақты меңгере алады.

Көпмақсатты зерттеу реакторын нақты пайдалану үдерісіне қатысу мүмкіндігі ерекше құнды. Себебі мұнда бір мезгілде ғылыми зерттеулер жүргізіліп, радиоизотоптар өндіріледі, материалдар сынақтан өткізіліп, басқа да қолданбалы міндеттер орындалады. Бұл болашақ мамандарға жұмыс істеп тұрған ядролық нысанда еңбек ету тәжірибесін жинақтауға, түрлі қызметтердің өзара іс-қимылын меңгеруге, пайдалану қызметін жоспарлау, жөндеу жұмыстарын жүргізу және қондырғының үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Критикалық стенд пен ВВР-К реакторын кешенді түрде пайдалану болашақ мамандардың реакторды басқару мен тізбекті реакция физикасын терең түсінуінен бастап, жұмыс істеп тұрған ядролық қондырғыны пайдалану тәжірибесіне дейінгі барлық қажетті құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл атом энергетикасы үшін кадр даярлаудың озық халықаралық тәжірибесіне толық сәйкес келеді және Қазақстанда атом электр станцияларының бүкіл өмірлік цикліне қажетті мамандарды тәжірибеге бағытталған қағидат бойынша даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыруға негіз болады.

– Егер еле осындай зерттеу базасы бар болса, Қазақстанның басты артықшылығы неде?

– Қазақстанның атом саласын дамытудағы көпжылдық тәжірибесі бар және ол әлемдік ядролық индустрияда лайықты түрде ерекше орын алады. Елде бейбіт атомды дамыту барысында ондаған жыл бойы қалыптасқан берік ғылыми-технологиялық база бар. Бұл бүгінгі таңда осы саладағы заманауи жобаларды жүзеге асыруға сенімді негіз қалайды.

Қазақстанның ең маңызды жетістіктерінің бірі – Ақтауда әлемдегі алғашқы өнеркәсіптік жылдам нейтронды БН-350 реакторы бар атом электр станциясының салынуы және оның ұзақ жылдар бойы табысты пайдаланылуы. Сонымен қатар Қазақстан табиғи уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы саналады және атом электр станцияларына арналған жылу бөлетін құрамаларды (ЖБҚ) өндіруді қамтитын дамыған ядролық отын цикліне ие.

Еліміздің тағы бір маңызды артықшылығы – бірегей ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы. Қазіргі уақытта Қазақстанда төрт зерттеу ядролық реакторы жұмыс істейді. Олар іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге, материалдар мен технологияларды сынауға, радиоизотоптық өнім өндіруге, сондай-ақ атом саласына мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Ерекше құндылыққа ие тағы бір бағыт – қалыптасып үлгерген кадрлық әлеует. Қазақстанда зерттеу ядролық қондырғыларын пайдалану, ғылыми зерттеулер жүргізу, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында көпжылдық тәжірибесі бар жоғары білікті инженерлер, ғалымдар мен мамандардан құралған кәсіби қауымдастық бар.

Осының барлығы Қазақстанның атом саласын одан әрі серпінді дамытуға берік негіз қалайды. Әңгіме тек атом электр станцияларын салу туралы ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулерді, ядролық технологияларды, ядролық отын өндірісін, радиоизотоптық өнім шығаруды және басқа да жоғары технологиялық бағыттарды дамыту жөнінде болып отыр. Қолда бар ғылыми, өндірістік және кадрлық әлеуетті тиімді пайдалану Қазақстанға ұлттық атом саласының дамуын едәуір жеделдетуге әрі әлемдік ядролық индустриядағы жетекші мемлекеттердің бірі ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.

– Бүгін де Ядролық физика институтының инфрақұрылымы студенттерді, магистранттарды және жас инженерлерді ауқымды көлемде даярлауға қаншалықты дайын?

– Ядролық физика институты көптеген жылдан бері студенттерді, магистранттарды және жас мамандарды өндірістік, зерттеу және дипломалды тәжірибеден өткізу үшін тұрақты түрде қабылдап келеді. Институттың қолданыстағы ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуеті атом саласының болашақ мамандарын сапалы тәжірибелік даярлауды қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар кадр даярлаудың жүйелі моделіне көшу білім беру инфрақұрылымын одан әрі дамытуды талап етеді. Атап айтқанда, оқу-әдістемелік материалдар мен тәжірибелік құралдардың тізбесін кеңейту, мамандандырылған оқу аудиторияларын жаңғыртып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, заманауи білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ зерттеу ядролық қондырғыларының мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімді жүйесін қалыптастыру қажет.

Айта кетейік, бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін түбегейлі жаңа инфрақұрылым құру немесе ауқымды қаржылық инвестициялар қажет емес. Негізгі материалдық-техникалық база қазірдің өзінде қалыптасқан, ал қажетті өзгерістердің басым бөлігі ұйымдастырушылық және әдістемелік сипатқа ие. Бұл салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде Қазақстанның дамып келе жатқан атом саласының сұранысына толық жауап беретін, тәжірибеге бағытталған мамандар даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– ВВР-К реакторында жұмыстарды бастамас бұрын қандай тәжірибелер немесе есептеулер алдымен критикалық стендте пысықталады?

– Критикалық стендтің негізгі міндеттерінің бірі – зерттеу реакторларының белсенді аймақтарын модельдеу, сондай-ақ белсенді аймақ пен тәжірибелік құрылғылардың, оның ішінде сәулелендіру капсулаларының нейтрондық-физикалық сипаттамаларын зерттеу болып табылады. Соның арқасында критикалық стенд жаңа техникалық шешімдерді алдын ала тексеруге, есептік модельдерді валидациялауға және күрделі әрі ядролық тұрғыдан ықтимал қауіпті операцияларды қолданыстағы ВВР-К зерттеу реакторында іске асырмас бұрын пысықтауға арналған бірегей тәжірибелік алаң қызметін атқарады.

Тәжірибе көрсеткендей, мұндай зерттеулерді критикалық стендте жүргізу техникалық тәуекелдерді едәуір төмендетуге, ядролық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және жаңа технологиялар мен реакторды пайдалану режимдерін енгізуде ғылыми тұрғыдан негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Критикалық стендті тиімді пайдаланудың жарқын мысалының бірі – ВВР-К зерттеу реакторын жоғары байытылған уран отынынан төмен байытылған уран отынына көшіру жобасы болды. Осы жоба аясында критикалық стендте ауқымды нейтрондық-физикалық тәжірибелер жүргізіліп, жаңа белсенді аймақтың есептік сипаттамалары расталды. Сонымен қатар ядролық отынды қауіпсіз тиеу және критикалық массаға кезең-кезеңімен шығу тәртібі пысықталды.

Алынған тәжірибелік нәтижелер төмен байытылған уран отынымен жұмыс істейтін ВВР-К реакторын физикалық іске қосу бағдарламасының негізіне айналды. Сондай-ақ олар жаңғыртылған белсенді аймақты пайдалануға енгізудің қауіпсіздігін негіздеудің маңызды құрамдас бөлігі болды.

– Ядролық физика институты ұлттық кадр даярлау жүйесінде қандай орынға ие бола алады?

– Бірегей ғылыми-зерттеу инфрақұрылымына, заманауи зерттеу ядролық қондырғыларына және жоғары білікті кадрлық әлеуетке ие Ядролық физика институтының Қазақстанның атом саласы үшін тәжірибеге бағытталған мамандар даярлайтын ұлттық орталыққа айналуына толық мүмкіндігі бар.

Институттағы зерттеу реакторлары, критикалық стенд, мамандандырылған зертханалар және ядролық қондырғыларды көпжылдық пайдалану тәжірибесі мамандарды кешенді даярлауға жағдай жасайды. Бұл даярлық реакторлық физиканың іргелі негіздері мен ядролық тізбекті реакцияны басқару қағидаларын меңгеруден бастап, жұмыс істеп тұрған ядролық қондырғыларды пайдалану және олардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша тәжірибелік дағдыларды игеруге дейінгі толық циклді қамтиды.

Институт базасында кадр даярлаудың жүйелі бағдарламасын қалыптастыру еліміздің атом саласын жоғары білікті инженерлермен, физиктермен, реактор қондырғыларының операторларымен және ғылыми мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Олар тек теориялық білімге ғана емес, сонымен қатар бірегей зерттеу нысандарында жұмыс істеудің нақты тәжірибесіне де ие болады. Бұл ұлттық ядролық-энергетикалық бағдарламаны табысты іске асыру үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға елеулі үлес қосады.

Back to top button