Алты жылға сотталған Жақсылық Омар апелляцияға шағым түсірді
Ақпаратты Kazinform тілшісіне Шығыс Қазақстан облысының сотынан растаған, деп жазады Tizgin.kz.
“Өскемен қаласының экс-әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған Жақсылық Омар қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Алайда іс әлі тіркелмеді”, – деп жауап берді соттың баспасөз қызметінен.
Апелляциялық соттың қашан өтетіні әзірге белгісіз.
Сот үкімімен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар 6 жылға сотталған еді. Сот оны алаяқтық пен пара алу қылмыстары бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оның мүлкі (Toyota Camry автокөлігі) тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Жазаны ол орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Бұған дейін соттағы соңғы сөзінде Жақсылық Омар соттан бас бостандығынан айырмауды өтініп, айыппұл төлейтінін жеткізген.
ЖАҚСЫЛЫҚ ОМАРДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Жыл басында телеграм-арналарда Жақсылық Омардың ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған. Облыс әкімдігі әуелі оның ұсталғанын растамай, денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысын алғанын хабарлаған еді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жақсылық Омардың ұсталғанын растады. Сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындаған.
Ұсталғанға дейін Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Оның алдында алты жыл бойы Өскемен қаласының әкімі қызметінде болды.