Алматыдағы қайғылы жол апаты: Тоқаев ІІМ-ге тапсырма берді

Ішкі істер министрлігі Алматыда үш кісінің өлімімен аяқталған жол апатын тергеу ісіне Президент назар аударып, объективтілікті қамтамасыз етуді тапсырғанын жария етті. Осыдан кейін ІІМ Алматыдағы жол-көлік оқиғасы бойынша істі тергеуде жұмысты күшейткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ішкі істер министрі Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ІІМ Алматы қаласындағы резонанстық жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеру және кінәлілердің жазадан жалтармауын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатқанын жазды.
”Аталған жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісін сот шешімімен қамауға алу шарасы қабылданды. Оның апат кезінде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізуде. Қоғамда таралған барлық мәлімет тексерілуде”, – делінген ІІМ таратқан ақпаратта.
Жағдайға объективті баға беру үшін Алматы қаласына ІІМ комиссиясы — Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент жіберілген. Қызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылған.
“Қазір қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдануда. Қалаға басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберілді. Кең ауқымды тексеру және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару фактілері бар. 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды”, – делінген ІІМ хабарламасында.
Осындай күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүргізілуде.
“Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды”, — деп жазды ІІМ басшысы Ержан Саденов.