Пәтерінде мефедрон өндірген тұрғын өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Алматыда пәтерінде мефедрон өндіретін зертхана ұйымдастырған 34 жастағы ер адам ұсталды. Тінту кезінде жалпы салмағы 4,5 келі есірткі заттары тәркіленді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Пәтерді зертханаға айналдырған
Полиция мәліметінше, күдікті тұрғын үй кешенінің соңғы қабатындағы пәтерді есірткі зертханасына айналдырды. Сонымен қатар буды сыртқа шығаратын құрылғыны ғимараттың ортақ желдету жүйесіне жалғаған.
Тінту барысында шамамен бір келі дайын өнім, кристалдары бар алты шыны науа, химиялық реагенттер, арнайы жабдықтар мен қорғаныс құралдары тәркіленді.
Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 4,5 келіні құраған.
Тергеу жүргізіліп жатыр
Аталған дерек бойынша 34 жастағы ер адам қолға түсті. Қазір есірткіні ұйымдастыру және өндіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тексеру басталды
Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.