Алматыда автотұрақ үшін төбелес 37 жастағы ер адамның өлімімен аяқталды
Алматыда үй маңындағы автотұрақта болған жанжалдан кейін 37 жастағы Данил Щетников ауруханада көз жұмды. Жақындарының айтуынша, ер адамның мойнына пышақ сұғылған. Полиция күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жанжал қалай басталған
Туыстарының айтуынша, оқиға 4 қазан күні кешке болған. Сол күні Данил ұлымен және достарымен қала сыртына демалуға барып, үйіне оралған. Жақындары ол көлік қоятын орында өзге адамның автомобилі тұрғанын айтады. Куәгерлердің сөзінше, Данил көршісінен көлігін алып тастауды сұраған. Алайда екеуінің арасында жанжал туып, соңы төбелеске ұласқан. Бұдан кейін жанжалға қатысушылардың бірі бауырына қоңырау шалған. Куәгерлер келген ер адам Данилдің мойнына пышақ сұққанын айтады.
Марқұмның досы Әмір Мұқашев сол сәтте көліктен зат түсіріп жатқанын жеткізді.
«Бір топ жігіт келді. Ол көп сөйлеспестен: “Менің інімді сен ұрдың ба?” деді де, мойнына пышақ сұқты. Содан кейін Данил үйіне қарай жүгіріп, “Жедел жәрдем шақырыңдар!” деп айқайлады», – дейді ол.
Данилдің жұбайы Ирина алғашқыда күйеуін жай ғана ұрып жіберді деп ойлағанын айтады. Алайда артынша оның мойнын ұстап, аулаға жүгіріп кіргенін көрген.
«Күйеуім мойнын ұстап, аулаға жүгіріп кірді де, жерге құлап, қанға тұншыға бастады. Кейін тамағын кесіп жібергенін білдік», – деді Ирина Щетникова.
Жараланған ер адам ауруханаға жеткізілген. Алайда бір аптадан кейін қайтыс болған. Оның артында жұбайы мен сегіз жастағы ұлы қалды. Отбасында бір айдан кейін қыз бала дүниеге келуі тиіс. Туыстары мен достары Данилдің бұған дейін әлгі көршімен араласпағанын және арасында жанжал болмағанын айтады. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Туыстары істі «кісі өлтіру» бабына ауыстыруды сұрайды
Алматы полициясы адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкеп соқтыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікке ілінген 37 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынған. Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек ер адамдар арасында әуелі сөзге келіспеушілік болғанын мәлімдеді.
«Ер адамдар арасында алдымен сөзге келіспеушілік болғаны анықталды. Кейін жәбірленушінің өліміне әкеп соққан жарақат салынған. Күдікті бірден ұсталып, қамауға алынды», – деді ол.
Марқұмның жақындары тергеудің объективті жүргізілуін талап етіп, істі «кісі өлтіру» бабына қайта саралауды сұрап отыр. Оқиғаға түпкілікті құқықтық бағаны тергеу мен сот береді.