TOP-1Сараптама

Әлемдік тәжірибе мен қазақ әскері: халықаралық жаттығулар армиямызға не береді

Әскери ынтымақтастық әлем бойынша қорғаныс саясатының маңызды бағытына айналды. Бұрын мұндай байланыстар бірлескен оқу-жаттығулар өткізумен шектелсе, бүгінде ауқымы едәуір кеңейген.

Әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы, трансұлттық күштердің өзара іс-қимылын жетілдіру, бітімгерлік тәжірибе жинақтау, жаңа технологияларды игеру және қорғаныс өнеркәсібіндегі әріптестік – мұның бәрі күн сайын жетілдіріп отыруды қажет ететін саясатқа айналды. Қазақстан да сол тенденциядан қалмауға мүдделі, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстан халықаралық оқу-жаттығулардың ауқымын кеңейтті

2022 жылдан бері еліміздің Қарулы күштері халықаралық оқу-жаттығуларға белсенді қатысып қана қоймай, географиясын айтарлықтай кеңейтті. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан аумағында алты халықаралық оқу-жаттығу өткізіп, өзге елдердегі 24 халықаралық оқу-жаттығу мен әскери жарысқа қатысқан.

Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш одан әрі өсіп, елімізде 10 халықаралық оқу-жаттығу ұйымдастырылды, Қазақстан әскері шетелдегі 21 халықаралық жаттығуға қатысты. Осылайша кейінгі екі жылдың ішінде ғана Қазақстан әскері халықаралық деңгейдегі 61 оқу-жаттығу мен бірлескен дайындық іс-шарасына қатысқан. Бұл көрсеткіш халықаралық әскери байланыстардың жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Халықаралық жаттығулар армияға не береді?

Бұл жаттығулардың басты мақсаты тек атыс даярлығын немесе тактикалық қимылдарды пысықтау емес. Заманауи әскери операцияларда шешуші рөл атқаратын басқару жүйесі, байланыс, логистика, барлау, авиация мен арнайы мақсаттағы бөлімшелердің өзара үйлесімді іс-қимылы да осы оқу-жаттығулар барысында жетілдіріледі. Сондықтан Қазақстан әртүрлі форматтағы әскери жаттығуларға қатысу арқылы халықаралық тәжірибені зерделеп, оны өз Қарулы күштерінің даярлық жүйесіне енгізіп келеді.

Бітімгерлік қызмет аясында қазақстандық әскерилер Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына атсалысып, халықаралық операциялар жүргізу тәжірибесін жинақтап жүр. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) аясында «Мызғымас бауырластық», «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» сияқты оқу-жаттығуларға қатысты. Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында терроризмге қарсы іс-қимыл мен өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне басымдық берілсе, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен құрлық әскерлері мен арнайы мақсаттағы бөлімшелердің өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған бірлескен оқу-жаттығулар өткізіліп келеді.

Екіжақты әскери ынтымақтастық: негізгі серіктестер

Екіжақты ынтымақтастықтың да ауқымы кең. Қазақстан Әзербайжанмен «Алтын Қыран» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің оқу-жаттығуын өткізіп, Каспийдегі қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды нығайтып келеді. Түркиямен арнайы жасақтардың «Шексіз бауырластық» оқу-жаттығулары ұйымдастырылып, әскери-өнеркәсіп саласында байланыс, радиоэлектроника және ұшқышсыз авиациялық жүйелер баағытындағы жобалар жолға қойылған. Үндістанмен «ҚазИнд» бірлескен оқу-жаттығуы арқылы әскери қызметшілердің бітімгерлік және терроризмге қарсы операциялар кезіндегі дайындығы жетілдіріледі. Іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстан да әуе қорғанысы, шекара қауіпсіздігі және құрлық әскерлерінің өзара іс-қимылы бағытында ұдайы тәжірибе алмасатын әріптестерге айналған.

Әскери технология және қорғаныс өнеркәсібіндегі серіктестік

Әскери-техникалық ынтымақтастық дегенде Франциямен арадағы Airbus Helicopters және Thales компанияларының жобалары, Түркияның Aselsan компаниясымен әріптестік еске түседі. Қытаймен, Оңтүстік Кореямен, Израильмен және басқа да серіктес мемлекеттермен технология трансфері, әскери техниканы жаңғырту және жаңа өндірістерді дамыту бағытындағы ынтымақтастық жалғасып келеді. Ал Ресеймен әскери-техникалық байланыстар, бірлескен оқу-жаттығулар және қолданыстағы қару-жараққа техникалық қызмет көрсету саласындағы әріптестік сақталып отыр.

Қазақстан өзінің әуе қорғанысын Ресей инфрақұрылымы арқылы қамтамасыз етеді. Байқоңыр ғарыш айлағы 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген. Сарышаған полигоны зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін сынайтын негізгі әскери-техникалық нысанның бірі деуге негіз бар. Балқаш радиолокациялық торабы мен №929 ұшу сынақ инфрақұрылымы да екі арадағы әскери байланыстың тереңдігін көрсетіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның қауіпсіздік архитектурасы мен қарулану стандарты Ресеймен үндес.

Қазақстандық әскери мамандар шетелде білім алып жатыр

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазір 600-ге жуық қазақстандық әскери қызметші әлемнің 12 елінде білім алып жатыр. Олар: Әзербайжан, Армения, Беларусь, Үндістан, Италия, Қытай, Пәкістан, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан және Оңтүстік Корея. Бұл бағдарламаларға іріктеу Қарулы күштердің қажеттілігіне қарай, Қазақстанда жоқ мамандықтар мен жаңа технологияларға басымдық беру арқылы жүргізіледі.

 

Back to top button