TOP-1Тергеу

Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өлімі: прокурор жүргізушіні неше жылға соттауды сұрады

Алматыда үш адамның өмірін қиған Әл-Фараби даңғылындағы жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, жүргізушінің кінәсі толық дәлелденген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Прокурордың мәлімдеуінше, жүргізуші мас күйде көлік басқарып, қала ішінде шамамен сағатына 115 шақырым жылдамдықпен жүрген. Сондай-ақ, оның әрекетін «қарапайым абайсыздық» деп бағалауға болмайды, өйткені бұл – саналы түрде жасалған тәуекел.

Прокурор соттан оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, көлік құралын басқару құқығынан айыруды сұрады.

Cондай-ақ, Алматы сотында Әл-Фараби даңғылындағы жол-көлік оқиғасында қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Нұрлан Шотеновтың Александр Пакқа қарсы азаматтық талап-арыз бергені белгілі болды.

Талап-арыз моральдық шығынды өтеуге қатысты. Онда Нұрлан Шотеновтың марқұм Томирис Қыдырбектің әкесі екені, қызының қазасы оған ауыр моральдық және жан күйзелісін әкелгені, мұндай қайғыны ақшаға бағалау немесе толық өтеу мүмкін еместігі көрсетілген.

Талап-арызда Томиристің Нұрлан Шотеновтың жалғыз қызы болғаны да жазылған. Оның айтуынша, ол қызының 20 жыл бойы тәрбиесіне, білім алуына және материалдық қамтамасыз етілуіне қатысып, қамқорлық көрсетіп, қолдау білдіріп келген.

«Томирис мен үшін жай ғана қызым емес еді. Ол менің өмірімнің мәні, үмітім әрі мақтанышым болатын», – делп жазылған талап-арызда.

Құжатта талап етіліп отырған өтемақы баю мақсатында емес, қайғылы жағдайдың ауыр салдарына, жан азабының ерекше сипатына және әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру қажеттілігіне байланысты сұралып отырғаны атап өтілген.

«Ешқандай ақша қызымды қайтара алмайды, бұрынғы өмірімді қалпына келтіре алмайды және оның өлімінен кейінгі жан жарамды өтей алмайды», – деп жазылған талап-арызда.

Нұрлан Шотенов соттан Александр Пактан моральдық зиян үшін 100 миллион теңге өндіріп алуды және азаматтық талапты үкім шығарумен қатар қарауды сұрады.

Прокурор талап-арызды қанағаттандыруды сұрады.

Еске сала кетсек, 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында үш адамның өмірін қиып кеткен жол апаты тіркелді. Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Полиция мәліметінше, апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

Back to top button