21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында үш адамның өмірін қиып кеткен жол апаты тіркелді. Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Полиция мәліметінше, апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, Zeekr көлігінің рөлінде Алматының жоғарғы бөлігінде тұратын 32 жастағы Александр Пак болған. Тілші Пактың атында екі компания тіркелгенін, олардың бірі миллиондап салық төлегенін, яғни ол дәулетті адам деп жазады.
“Қысқасы, Пактың қаржысы жеткілікті екені анық. Бірақ бұл оның жауапкершіліктен құтылып кететінін білдіре ме? Менің ойымша, жоқ. Кінәлі адам міндетті түрде сот алдында жауап береді және жазаға тартылады. Меніңше, нақты 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Бұл көп пе, әлде аз ба? Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі 5 жылдан 10 жылға дейінгі жазаны қарастырады. Көп жағдайда сотталғандар қауіпсіздігі төмен колонияларға жіберіледі”, – дейді ол.
Журналист бір маңызды жайтқа назар аударады. Куәгерлердің айтуынша, сол қайғылы түні Zeekr9X басқа автокөлікпен жарысқа қатысқан.
“Басқа елдерде мұндай жарыс ұйымдастырған жүргізушілерге 10 жылдан әлдеқайда қатаң жаза беріледі: мысалы, Ресейде осындай жағдай үшін 15 жылға дейін, АҚШ-та 20 жылдан астам мерзім берілуі мүмкін. Германияда мұндай жүргізушілерді кісі өлтіруші деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған мысалдар да бар. Ал біздің заңнама онша жетілдірілмеген. Сондықтан бұл мәселені қайта қарастыру қажет”, – деп жазады Козачков.