Без рубрики

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Томиристің әкесі кешірім бермейді

Жәбірленуші тарап моральдық шығынды өтеу туралы талап-арыз дайындап жатыр.

Әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Нұрлан Шөтенов Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пакқа бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етпек. Бұл туралы 19 маусымдағы сот отырысынан кейін жәбірленуші тараптың өкілі Мейірман Шекеев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы informburo-ға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, сот әкенің ұстанымын дербес жәбірленуші ретінде ескеруі тиіс.

«Заң аясында біз тек 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрай аламыз және соны талап етеміз. Бұдан артық жаза заңда қарастырылмаған. Сонымен қатар, моральдық шығынды өндіру туралы талап-арыз береміз», – деді Шекеев.

Адвокаттың сөзінше, Томиристің анасы бұған дейін Александр Пакпен татуласқанын мәлімдегеніне қарамастан, сот Нұрлан Шөтеновтің пікірін де ескеруі керек.

«Әр адам – дербес тұлға. Заң әркімнің жеке жәбірленуші ретінде танылуға құқығы бар екенін нақты көрсетеді. Әр адам қайғыны әртүрлі қабылдайды, сондықтан әрбір пікір ескеріледі», – деді ол.

Журналистердің «Әкесі айыпталушыны кешіре ме?» деген сұрағына Шекеев жауап берді.

«Әкесі кешірмейді. Қатаң түрде қарсы», – деді жәбірленуші тараптың өкілі.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, жәбірленуші тарап моральдық шығынды өндіру туралы талап қоюды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта нақты сома анықталып жатыр, алайда оның көлемі кемінде 100 млн теңге болуы мүмкін.

19 маусымда сот Томирис Қыдырбектің әкесі Нұрлан Шөтеновті іс бойынша жәбірленуші деп таныды. Ал бұған дейін, 8 маусымдағы сот отырысында, марқұмның анасы Арайлым Есенбаева Александр Пақты кешіргенін және оған ешқандай талабы жоқ екенін айтқан болатын.

Александр Пакқа Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша – «алкогольдік масаң күйде көлік жүргізу ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу» дерегімен айып тағылған.

Жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған. Апат салдарынан үш адам – Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы қыз қаза тапты. Тергеу мәліметінше, Александр Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes-пен соқтығысқан.

Back to top button