TOP-1Пікір

«Әке тек ақша табушы емес»: психоаналитик Анна Құдиярова бала өміріндегі әкенің рөлі туралы

Ана балаға қорғаныш пен қауіпсіздік сезімін сыйласа, әке оны сыртқы әлеммен таныстыратын тұлға.

Бала тәрбиесі туралы сөз болғанда көп жағдайда әкенің рөлі көбіне назардан тыс қалып жатады. Көп жағдайда басты рөл анаға беріледі. Ал психоанализ баланың психологиялық тұрғыдан толыққанды дамуы әкенің қатысуынсыз мүмкін емес екенін көрсетеді. Әкенің рөлі бала дүниеге келмей тұрып-ақ басталады. Жүктілік кезінде оның анаға көрсететін эмоциялық қолдауы тек әйелдің ғана емес, болашақ сәбидің де өзін қауіпсіз сезінуіне ықпал етеді. Бала өскен сайын әкенің рөлі де өзгере түседі. Tizgin.kz тілшісі осы тақырыпта психоаналитик Құдиярова Анна ханымнан сұхбат алды.

Психоаналитиктің айтуынша, баланың әртүрлі даму кезеңдерінде әкенің атқаратын қызметі де өзгеріп отырады.

«Жалпы алғанда, әкенің міндеті – бала құрсаққа біткен сәттен бастап жұбайына қолдау көрсету, одан кейін әке баланың туғанынан бастап есейіп, ересек өмірге аяқ басқанға дейін оның жанында болатын, анадан өзгеше, бірақ тең дәрежедегі сүйемелдеуші тұлғаға айналады. Ең маңыздысы – бала 7 жасқа дейін әкесінің эмоциялық қатысуын сезінуі керек», – дейді Анна Құдиярова.

Әкенің рөлі бала дүниеге келмей тұрып басталады

Психоанализде ер адамның бала дүниеге келуіне деген көзқарасының үш негізгі түрі қарастырылады.

«Жоқ әке: ер адам балалы болудан бас тартады, тіпті жұбайын болашақ баласымен де бөліскісі келмейді. Қабылдамайтын әке:  ішкі жан дүниесінде екіұдай сезімде болады, бірақ жұбайының қалауына көнеді. Жеткілікті жақсы әке: әке болуға саналы түрде дайын, баланы ерлі-зайыптылардың махаббаты мен отбасы құруға деген ортақ келісімінің жемісі ретінде қабылдайды», – дейді ол.

Маманның айтуынша, бала құрсаққа біткеннен кейін болашақ әкенің ең маңызды міндеті – жұбайына эмоциялық тұрғыдан қолжетімді болып, оны жүктілікке, босануға және аналық рөлге дайындалу барысында қолдау көрсету.

«Күйеуінің қолдауын сезінген әйел өзін бақытты әрі қауіпсіз сезінеді. Ал керісінше, жұбайының қолдауын көрмеген немесе күйеуі жанында болмаған әйелдер босанғаннан кейінгі депрессияға ұшырайды. Ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесімді қарым-қатынас – баланың психикасының сау дамуының негізгі іргетасы. Баланың дүниеге келуі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына елеулі өзгерістер енгізеді. Кей жағдайда бала әкесі үшін ананың махаббатын «тартып алған» кіші бауыры сияқты бәсекелес ретінде немесе анасына жақындауға кедергі болатын қарсылас ретінде қабылдануы мүмкін. Сондай-ақ, бала әкенің жалғасы немесе толықтырушысы ретінде де қабылдануы ықтимал. Психоанализ тұрғысынан қарағанда психологиялық жағынан жетілген әке бұл ішкі қайшылықтарды еңсере алады, сондықтан ол баласын өзіндік құқықтары, ерекшеліктері бар қайталанбас жеке тұлға ретінде қабылдап, оның дүниеге келуін қуанышпен қарсы алады», – дейді ол.

0–12 ай: Әке де сәби үшін қауіпсіздік көзі

Психоаналитик бұл кезеңде әке көбіне анасының орнын басатын қамқоршы тұлғаға айналатынын айтты.

«Жеткілікті жақсы» әке анасы сияқты баланы тамақтандыру кезінде, жөргегін ауыстырғанда және күнделікті күтім барысында сәбиімен жылы қарым-қатынас орната алады. Егер әке мен сәби арасында туғаннан бастап сенімді байланыс қалыптасқан болса, онда шамамен 8 айда байқалатын «бейтаныс адамдардан қорқу» кезеңінде де бала әкесінің құшағына қуана барады, себебі олардың арасында бұрыннан қалыптасқан жылы эмоционалдық байланыс бар», – дейді ол.

13–18 ай: Әке баланың әлемді тануына қалай ықпал етеді?

Маманның айтуынша, бұл кезеңде бала еңбектеуге, жүруге, айналасындағы ортаны зерттеуге және ойыншықтарымен ойнауға еркіндік алып, одан үлкен ләззат алады.

«Психоаналитик Филлис Гринакрдың айтуынша, дәл осы уақытта бала қоршаған әлеммен өзіндік «махаббат қарым-қатынасын» бастайды. Қажет болған кезде эмоциялық күш жинау үшін анасына немесе әкесіне қайта оралады. Бұл кезеңде әке көбіне белсенді қимыл-қозғалысқа негізделген ойындарға қатысады: бірге жүгіреді, секіреді, баланы иығына отырғызады, көтеріп айналдырады, түрлі көңілді әрі шулы ойындар ойнайды», – дейді Анна Құдиярова.

Зерттеулер көрсеткендей, балалар әкелерімен белсенді әрі шулы ойындарды көбірек ұнатады, ал аналарымен көбіне жасырынбақ сияқты тыныш ойындар ойнайды. Мұндай ойындар баланың анасынан біртіндеп бөлінуіне дайындалуына көмектеседі.

«Әкемен ойнау баланың өз денесін жақсырақ сезінуіне, әрекет ету кеңістігінің кеңеюіне ықпал етеді. Осы кезеңде әке анадан ерекшеленеді, дербес сыртқы тұлға ретінде қабылдана бастайды және баланың анасынан психологиялық тұрғыдан бөлінуіне көмектеседі», – дейді психоаналитик.

Ойын барысында әкемен достық әрі жылы қарым-қатынас баланың гендерлік сәйкестігінің қалыптасуын күшейтеді.

«12 айдан кейін ұл балалар өздерінің жыныстық ерекшелігін біртіндеп түсіне бастайды. Олар өздігінен пайда болатын эрекцияны және жыныс мүшесінің босаңсуын байқайды. Көптеген ұл бала өз денесін зерттеп, жыныс мүшесіне қол тигізіп, одан жағымды сезім алуы мүмкін. Психоанализ тұрғысынан бұл – жанжыныстық дамудың табиғи кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар, бұл кезеңде ұл бала өзін әкесіне ұқсата бастайды. Бұл әкесін мінсіз көруге, күшті ер адаммен жақындық сезімінің қалыптасуына, сау нарциссизмнің дамуына ықпал етеді», – дейді ол.

18–36 ай: Әке баланың дербестігін қалай қалыптастырады?

Маман бұл кезеңде бала анасынан сепарацияны неғұрлым белсенді түрде жалғастыратынын айтты.

«Енді ол эмоционалдық қуат алу үшін анасын құшақтауға жүгіріп бармайды, оған анасының қасында екенін көрудің өзі жеткілікті. 17 айдан кейін ұлдар мен қыздар анасынсыз ұзақ уақыт өткізе алады және әкесін немесе басқа ер адамдарды іздей бастайды. Бала өзінің әлеуметтік ортасын кеңейтуге және автономиясын нығайтуға ұмтылады. Ол әкесіне тартылады, ал анасына қатысты біршама жағымсыз қатынас байқалады. Бұл – прогрессивті даму. Әке анадан өзгеше объект ретінде қабылданады. Бала алғаш рет әкесімен сыртқы объект ретінде қарым-қатынас орнатқанда, ол шынайы әлемдегі өмірін бастайды», – дейді Анна Құдиярова.

Оның айтуынша, швейцариялық психоаналитик Эрнст Абелин «триангуляция» ұғымын енгізді.

«Бұл ұғым анасынан жеткілікті деңгейде сепарацияланып, ата-анамен бір мезгілде әрі әртүрлі объектілер ретінде, әрі жұп ретінде қарым-қатынас жасай алу қабілетін білдіреді», – дейді ол.

3–6 жас: Әке – ұл бала үшін әрі үлгі, әрі қорғаушы

Бұл кезеңде ұл баланың әкесімен қарым-қатынасы күрделене түседі.

«Бұрын досы әрі жыныстық сәйкестігі бойынша серігі болған әке енді анасын толық иеленген бәсекелеске айналады. Бұл кезеңде психологиялық тұрғыдан сауатты әке ұлына бәсекелестік сезімін қабылдауға көмектесе алады. Оның көмегімен ұл бала анасының жанында әкенің орнын басуға деген тілегін әкесінен қорыққаннан емес, ер адам ретінде табиғи даму барысында әкесімен идентификациялануға деген қажеттілікке байланысты ығыстыра алады. Бала әкеден қорқыныштың көзі ретінде қорқады, бірақ сонымен бірге оны қорғаушы ретінде қабылдап, оған арқа сүйейді.

Ұл бала үшін әке – өзін сәйкестендіретін алғашқы ер адам бейнесі. Әкесімен қарым-қатынас арқылы оның ер азаматтық туралы түсінігі, жауапкершілік сезімі, өзгелерді құрметтеуі және ішкі қайшылықтарды жеңе білу қабілеті қалыптасады.

Қыз бала үшін әке – өміріндегі алғашқы маңызды ер адам

Әкенің қыз баланың тәрбиесіне қатысуы оның әйелдік болмысының дамуы үшін маңызды.

«Мысалы, қыз бала бейсаналы түрде дүниеге ер бала сияқты «әпшу»-сіз келгені үшін анасына ашуланып, анасына қатысты қарама-қайшы сезімдерге байланып қалады. Жеткілікті жақсы ана қызының күйзелісін көтеріп, оның әкесіне жақындауына мүмкіндік береді. Қыздың әкесімен шынайы сыртқы объект ретінде қарым-қатынас орнатуы үшін оған эмпатиялық ана мен эмоциялық тұрғыдан қолжетімді әке қажет. Осылайша әкесіне деген сау махаббат қалыптасады. Мұндай әке қызының әйелдік болмысына сүйсінеді, бірақ оны азғырмайды. Әке қызының анасына қатысты амбивалентті сезімдерін жеңуге көмектесіп, оның жағымды әйелдік идентификациясын күшейтеді», – дейді ол.

Қыз бала үшін әке – өміріндегі алғашқы маңызды ер адам. Әкенің құрметке, жылулыққа және қабылдауға негізделген қарым-қатынасы қыздың өзін құнды тұлға ретінде сезінуіне, өзіне деген сенімінің қалыптасуына және болашақта ер адамдармен қандай қарым-қатынас құратынына ықпал етеді.

Балаға мінсіз емес, «жеткілікті жақсы» әке қажет

Сонымен қатар, психоанализ әкенің мінсіз болуы міндетті деп есептемейді.

«Ең маңыздысы – «жеткілікті жақсы әке» болу. Яғни, эмоционалдық тұрғыдан қолжетімді, сенімді, баласын қолдай алатын, орынды шекаралар қоя білетін және қиын сәттерде жанынан табылатын әке болу. Баланың психологиялық саулығының негізін дәл осы тұрақтылық, қамқорлық және оның өміріне деген шынайы қызығушылық қалайды. Сондай-ақ «әкелік функция» әрдайым биологиялық әкемен ғана байланысты емес екенін түсіну маңызды. Кей жағдайда бұл рөлді ата, өгей әке, тәлімгер, жаттықтырушы, мұғалім немесе бала үшін маңызды басқа да ересек адам атқара алады. Ең бастысы – баланың жанында оған қауіпсіздік сезімін сыйлайтын, жауапкершілікке, шекараны құрметтеуге үйрететін және оның есейіп, тұлға болып қалыптасуын қолдайтын адамның болуы.

Баланың психологиялық тұрғыдан сау дамуы тек ананың қамқорлығына ғана емес, әкенің де белсенді қатысуына байланысты. Ана мен әкенің бір-бірін толықтырып, баланы бірге қолдауы нәтижесінде бала сүйе білуді, сенім артуды, еңбек етуді, өзін және өзгелерді құрметтеуді үйренеді. Сондықтан әкенің рөлі – қосалқы емес, болашақ ересек адамның тұлғасын қалыптастыратын негізгі тіректердің бірі», – дейді психоаналитик Анна Құдиярова.

Қорытындылайтын болсақ, психоаналитиктің айтуынша, әкенің рөлі тек отбасының материалдық жағдайын қамтамасыз етумен шектелмейді. Әке – баланың психологиялық тұрғыдан сау қалыптасуына ықпал ететін негізгі тұлғалардың бірі. Ол баланың қауіпсіздік сезімін, дербестігін, өзіне деген сенімін қалыптастыруға, қоғамға бейімделуіне және болашақта салауатты қарым-қатынас құруына әсер етеді. Бала үшін ең маңыздысы – мінсіз әке емес, өміріне белсенді араласатын, эмоциялық тұрғыдан қолжетімді әрі жауапкершілікті сезінетін «жеткілікті жақсы әкенің» болуы.

Back to top button