$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
TOP-1Жаңалықтар

«Әке, мен тірі қалды деп той жасамаңыздар»: Каспийде аман қалған матростың сөзі

Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған 20 жастағы матрос Бекет Қуандық жағалауға жету үшін 400-500 метрге жуық жүзген. Оның қалай құтылғанын әкесі Бақытбек Кенжеғұлов bursh_media медиасына берген сұхбатта айтып берген. Ата-анасы ұлының оралуына орай той жасауды жоспарлағанымен, Бекет қаза тапқан достарын еске алып, одан бас тартқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қорықпадым, сабырға келіп, жағаға қарай жүздім»

Бекет әскерге бір жыл бұрын, дәл туған күнінде аттанған. Ол – дзюдодан спорт шебері, студент, болашақ дене шынықтыру мұғалімі. Әкесі Бақытбек Кенжеғұловтың айтуынша, оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілерді бірден судың терең бөлігіне бағыттаған. Өзге жігіттер үрейге бой алдырғанда, Бекет сабыр сақтап, жағалауға қарай жүзген.

«Мен өзімді сабырға келіп, жағаға қарай жүздім», – деп айтқан ол туыстарына.

Әкесінің сөзінше, бала кезінен жүзуді білетін әрі дене дайындығы жақсы Бекет шамамен 400-500 метр қашықтықты еңсеріп, жағаға бірінші болып шыққан.

«Достарымнан айырылғанда мен қалай тойлай аламын»

Ата-анасы ұлының әскерден оралуын атап өтпек болып, алдын ала дәмханаға тапсырыс берген. Алайда Бекет әкесінен той өткізбеуді сұраған.

«Әке, қажет емес, салтанатты жиын өткізбеңіздер. Достарымнан айырылғанда мен қалай тойлай аламын?» – деген ол.

24 қыркүйек Бекет үшін ажалдан аман қалған күн болып қалды. Бірақ үйіне оралу қуанышымен бірге ол қаза тапқан достарының қайғысын да арқалап келді.

Каспийдегі трагедия

24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.

Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды. 

Back to top button