«Әке, алып кетші мені»: Нұрай Серікбайдың әкесі сотта қызының соңғы сөзін айтты
21 жасында өлім құшқан Нұрай Серікбайдың ата-анасы сотта куәлік бергенде көз жастарын тия алмады, деп хабарлайды Tizgin.kz OTYRAR-ға сілтеме жасап.
«Нұрайға бірдеңе болды»
Қызымен болған соңғы әңгімесін есіне алған марқұмның әкесі Бауыржан Сағымбек телефон арқылы сөйлескенін айтты.
«Ол маған: «Әке, мына жақта мен қаламайтын жағдай болып жатыр. Алып кетші мені», – деді. Кешкі сағат 19:00 шамасында жұбайым қоңырау шалып, «Нұрайға бірдеңе болды. Қызым жерде жатыр, полиция жақындатар емес» деді. Сонда бір сұмдықтың болғанын түсіндім, басшылыққа ескертіп, дереу жолға шықтым», – деді әкесі.
Оның айтуынша, Нұрай мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнына мемлекеттік грантпен түсті. Болашаққа көп жоспар құрған. Мінезі ашық, мейірімді, өмірсүйгіш қыз тұрмысқа шығуға асықпаған.
Сотталушы кінәсін толық мойындамады
Қызды ұрлап, тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген кезде де ата-анасы әуелі оның пікірін сұраған. Нұрай келіспеген соң, оны бірден үйіне алып кеткен.
Бірақ сотталушы кінәсін толық мойындаған жоқ.
Алдыңғы күні Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында айыпталушы Шерхан Аймахан да жауап берді. Ол өз кінәсін толық мойындамай, қылмысты аффект күйінде жасағанын айтады.
Айыпталушының айтқаны
Мұның алдында өткен кезекті сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан оқиғаның өз нұсқасын баяндады. Айыпталушының айтуынша, олар 2025 жылдың жазында танысып, кездесіп жүрген. Оның сөзінше, Нұрай өз еркімен тұрмысқа шығуға және «қалыңдық алып қашу» дәстүріне келіскен. Сондай-ақ, ол қызға қаржылай көмектесіп, түрлі сыйлықтар жасағанын айтты.