Пандемия кезеңінде үкіметтің фискалдық қолдау шаралары халықтың нақты табысының жалпы ішкі өнімнен (ЖІӨ) де жылдам өсуіне ықпал етті. Алайда мұндай теңгерімсіздік ұзаққа созылмайтынын айтқан ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазіргі инфляцияның жеделдеуін осы жағдаймен байланыстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Фискалдық қолдау шаралары неге әкелді? Бұл инфляцияға алып келді. Соңғы бес жылда елімізде инфляция деңгейі жоғары болып тұр – кемінде 8 пайыз. Кей кездері 10 пайызға дейін жетеді. Әрине, ерте ме, кеш пе, нақты табысты инфляция “жеп қояды”», – деді Жұманғарин Парламент кулуарында.
Министрдің айтуынша, бүгінде экономика өсіп жатқанымен, мемлекеттік сектордағы жалақының көтерілуіне қарамастан халықтың нақты табысы төмендеп келеді. Ол мұны бірнеше жыл бұрын бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға арттырылғанына қарамастан байқалып отырған үрдіс екенін атап өтті.
«Бұл нені көрсетеді? Кешенді тәсіл қажет екенін көрсетеді. Тек жалақыны көтеру арқылы мәселені шешу мүмкін емес», – деді министр.
Оның сөзінше, ең алдымен экономика салаларындағы еңбек өнімділігін арттырып, тұрақты жұмыс орындарын көбейту қажет.
«Өндірістік экономикадағы жұмыс орындары түрлі ауытқулар мен инфляцияға соншалықты тәуелді болмайды», – деп түсіндірді ол.
Жұманғарин өмір сүру құны жыл сайын артып келе жатқанын да жасырмады. Дегенмен ол инфляцияны экономиканың табиғи құрамдас бөлігі деп санайды.
«Біртүрлі естілгенімен, инфляция – экономиканың қозғаушы күші. Сондықтан бұл жерде белгілі бір алтын ортаны табу керек», – деді министр.
Сонымен бірге ол үкімет ең төменгі жалақыны, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын одан әрі көтеру мүмкіндігін қарастыратынын айтты.
«Келесі бюджетті қалыптастыру кезінде ең төменгі жалақыны өсіруге қатысты белгілі бір шешімдер қабылдаймыз деп ойлаймын. Қазір оның көлемі мен тетіктері айқындалады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін де міндетті түрде қараймыз», – деді Жұманғарин.
Қазақстан үшін маңыздысы – ЖІӨ өсімі ме, әлде халықтың әл-ауқаты ма деген сұраққа министр Үкіметтің ұстанымын жеткізді.
«Бүгін Премьер-министр айтқандай, біздің бір ғана мақсатымыз бар. Ол – ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. Мемлекет дәл осы мақсат үшін жұмыс істейді. Ал экономика өспейінше, бұл мақсатқа жету мүмкін емес», – деді ол.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссия мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда нақты жалақы 3,3 пайызға төмендеген. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ-қа мүше елдер арасындағы ең нашар көрсеткіш.