Әйелімен жанжалдасқан Рахат Тұрлыхановты полиция алып кетті
Белгілі балуан әрі депутат Дәулет Тұрлыхановтың жиені әйелімен жанжалдасқаны үшін полицияға шақырылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Оқиға Алматыдағы Медеу ауданында болған. Алматы қалалық полиция департаменті мәліметінше, тексеру барысында әйел адам бастапқыда өзіне күш қолданылғанын айтқан. Алайда кейінірек ол бұл сөзінен бас тартып, тек отбасылық жанжал фактісі бойынша арыз түсірген.
«Қарау нәтижесінде ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы 1-бөлігі (Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады ведомство.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске сала кетейік, Рахат Тұрлыханов үшін бұл мұндай сипаттағы алғашқы жағдай емес. 2024 жылы сот оның жұбайына күш қолдану дерегі бойынша істі қараған болатын. Сол кезде ер адамның жұбайы Алтынай Тұрлыхановамен жанжалдасып, оған қол көтергені белгілі болды. Алайда тараптардың татуласуына байланысты іс өндірісі тоқтатылып, сот ескерту жасаумен шектелген.
Кейінірек Алматы қалалық соты апелляциялық алқасы бұл шешімді өзгертіп, оның бұған дейін де жұбайына қол көтергенін ескеріп, Тұрлыхановқа 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындаған.
Сонымен қатар Мәжіліс депутатының туыстары қатысқан тағы бір жанжал қоғам назарын аударған еді. Нұрасыл Болат 2023 жылдың ақпан айында Алматыда екі заңгерді соққыға жыққан. Кейін ол 1 725 000 теңге көлемінде айыппұл төлеген. Бұл іске байланысты Данияр Тұрлыханов пен Ақежан Тұрлыханов та жауапкершілікке тартылған.