AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы өз жұмысын қорытындылады

Премьер-министр Олжас Бектенов AI & Digital Bridge 2026 форумында ұсынылған цифрлық шешімдермен танысып, AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарына марапаттар табыстады.
Премьер-министрге түрлі салаларда қолдануға арналған отандық технологиялық компаниялар мен ұйымдардың жасанды интеллект негізіндегі әзірлемелері таныстырылды.
Білім беру саласында QAIRU ЖИ университетінің оқу үдерісін бейне және аудио арқылы талдау шешімдері, AI-тьютор және білім алушылардың оқу үлгерімін талдау құралдары, сондай-ақ шағын жинақты мектептердегі әр оқушының оқу деңгейі мен қажеттілігіне бейімделетін жасанды интеллект негізіндегі онлайн оқыту жүйесі ұсынылды.
Қаржы секторында Kaspi.kz маркетплейсі экожүйесіне ықпалдастырылған Kasper интеллектуалды AI-ассистенті және Halyk Bank әзірлеген жасанды интеллект негізінде қызметкерлердің құзыреттерін дамыту моделі таныстырылды.
Қаржылық операциялардағы ауытқуларды анықтау және дропперлік әрекеттердің жолын кесу бағытында Freedom Holding компаниясының AI-Compliance платформасы ұсынылды.
Өнеркәсіп саласында «Самұрық-Қазына» тобына қарасты компаниялардың жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірлеген шешімдері таныстырылды. Атап айтқанда, ҚазМұнайГаз ұсынған цифрлық телнұсқалар мен ҚТЖ компаниясының SMART-диагностика жүйесі ұсынылды.
Сондай-ақ түрлі салаларға арналған Alem AI Platform, QazBot Technologies, Trusted Kazakhstan және QazEta сияқты цифрлық өнімдер көрсетілді.
Форум аясында 60-тан астам жаңа келісімге қол жеткізілді.
Премьер-министр тиімділігі дәлелденген технологияларды одан әрі кеңінен енгізудің маңызды екенін баса айтты.
«Форумның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазіргі аса қарқынды, құбылмалы әрі озық заманда жаңа технологияны дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Қазақстанда жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін барлық қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды. Бұл орайда Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды озық қарқынмен дамытуда. Қазіргі таңда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл – Орталық Азиядағы энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін ең ірі кампус. Деректерді өңдеу орталықтары жасанды интеллектіні, бұлтты сервистерді, ғылыми зерттеулер мен жаңа цифрлық өндірістерді дамытуға негіз болады. Біз басқа да жаһандық технологиялық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға әзірміз», — деді Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жаңа инвестициялық цикл мен ауқымды құрылыс бағдарламасы заманауи технологиялық және цифрлық стандарттар енгізуге кең мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Осы бағытта мемлекет пен ғылымның, отандық және халықаралық технологиялық компаниялардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығына назар аударылды.
Сонымен қатар форум аясындағы пленарлық сессияда DREAM компаниясының президенті Себастиан Курц, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Crimson Education компаниясының негізін қалаушы Джейми Битон және Higgsfield AI компаниясының бас директоры Александр Машрабов сөз сөйледі.