АЭС құны құпия бола ма – жауапты агенттік түсіндірді
Бүгін түске дейін “Қазақстанда салынатын АЭС құны құпия болады” деген ақпарат тараған еді. Қазақстанның Атом энергиясы агенттігі осы ақпарат бойынша түсініктеме таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz
Агенттік барынша ашықтық қағидатын ұстанатынын хабарлайды.
“АЭС құрылысы мәселелері бойынша ынтымақтастықтың негізгі шарттары ашық дереккөздерде қолжетімді болады. Алайда, жобаның технологиялық ерекшеліктері мен ауқымын, сондай-ақ АЭС салу бойынша халықаралық тәжірибені ескере отырып, жекелеген мәселелер құпиялылық туралы келісімдермен реттеледі, соған сәйкес кейбір ақпараттың таралуы шектеледі”, – делінген хабарламада.
Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу жобасына қатысты ақпаратқа мемлекеттік құпия мәртебесі берілуі мүмкін екенін бүгін Үкіметтегі брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтқан еді. Бұған дейін Мәжіліс аталған заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, онда мемлекеттік құпияларға қатысты нормаларды бекіткен болатын. Есімхановтың айтуынша, бұған дейін Энергетика министрлігі энергетикалық жобалар бойынша ақпаратты жасырмаған.
«Энергетикалық жобаларға қатысты біз ешқашан құпия ұстаған емеспіз. Ал атом электр станциясы бойынша мұндай ықтималдық бар, себебі бұл – ауқымды жоба, әрі, сірә, үкіметаралық келісім жасалуы мүмкін. Дегенмен, бұл мәселе бойынша нақтырақ жауапты Атом энергиясы агенттігіндегі әріптестер береді», – деді ол.
Сонымен қатар вице-министр Энергетика министрлігінің құзырындағы жобаларға қатысты ақпарат қазақстандықтар үшін ашық әрі қолжетімді болып қала беретінін атап өтті.