Жаңалықтар

АЭХА сарапшылары Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын бағалауға дайындық жүргізіп жатыр

Астанада Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын халықаралық шолуға дайындау жөніндегі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) бірлескен миссиясы басталды. 12–15 қазан аралығында сарапшылар АЭС жобасын іске асыруға қажетті дайындық мәселелерін талқылайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қауіпсіздіктен электр желілеріне дейін

Миссияға АЭХА сарапшылары, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының өкілдері қатысып жатыр.

Бірлескен жұмыстың мақсаты – Қазақстанның ядролық инфрақұрылымы туралы өзіндік бағалау есебін дайындауға қолдау көрсету және INIR кешенді шолуының екінші кезеңіне әзірлену. Қатысушылар есепке қатысты сарапшылардың ұсыныстарын талқылап, берілген ақпаратты нақтылайды және алдағы қадамдарды айқындайды.

Бағдарлама аясында ядролық инфрақұрылымның 19 бағыты қаралады. Олардың қатарында ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ядролық физикалық қауіпсіздік, заңнама мен реттеуші база, қаржыландыру, мамандар даярлау, электр желілерінің дайындығы және ядролық отын циклі бар.

Өзіндік бағалау есебі осы бағыттардың қазіргі жағдайын жүйелеп, АЭС жобасын іске асыру үшін қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.

Халықаралық шолу нені бағалайды

INIR – мемлекеттің сұрауы бойынша АЭХА жүргізетін ядролық инфрақұрылымның кешенді шолуы. Ол құрылыс алаңы мен техникалық нысандарды ғана емес, атом энергетикасына қажетті заңнаманы, қадағалау жүйесін, қаржыландыруды, кадр даярлауды және қауіпсіздік шараларын да қамтиды.

АЭХА тәсілінің екінші кезеңі атом энергетикасын дамыту туралы шешім қабылданғаннан кейінгі дайындыққа арналған. Осы кезеңде мемлекет алғашқы АЭС жобасын іске асыруға қажетті жағдайларды қалыптастырып, құрылысқа әзірленеді. Астанада өтіп жатқан миссия осы шолуға дайындалуға көмектеседі. Сарапшылардың ұсыныстары өзіндік бағалау есебін жетілдіруге және ұлттық ұйымдардың алдағы жұмысының басымдықтарын нақтылауға бағытталған.

Back to top button